Басты Жаңалықтар Қазақстан — цифрлық даму және жасанды интеллект бағытында аймақта көшбасшы

Қазақстан — цифрлық даму және жасанды интеллект бағытында аймақта көшбасшы

Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан бүгінгі таңда экономикалық модельдер, жұмыс істеу тәсілдері мен ақпараттық қауіпсіздік түсінігі қайта қалыптасуда. Осы ретте Қазақстан цифрландыру және жасанды интеллект бағытында уақытылы және стратегиялық қадамдар жасап отыр. Осы саладағы халықаралық беделді сарапшылардың пікірлері осыған саяды.

Женгиз Чалыкоғлы Түркияда цифрлық мәліметтерді өңдеу және қорғау бағытында ондаған жобаны жүзеге асырған тәжірибелі маман. Ол Қазақстандағы жасанды интеллект және цифрландыру бойынша жүзеге асып жатқан жобаларға жоғары баға беріп отыр.

Женгиз Чалыкоғлы, цифрлық қауіпсіздік және жасанды интеллект бойынша халықаралық маман:

Қазақстанның ұлттық жасанды интеллектіні дамытуға инвестиция салуы және деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын дамытуы өте маңызды. Технология саласында уақытылы қабылданған шешімдер елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Бұл алдағы онжылдықта елдің экономикалық қуатын, халықаралық бәсекеге қабілетін және стратегиялық іс-қимылын айқындайтын инвестициялар.

Қазақстан жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бойынша көшбасшы елдердің бірі. Банк секторында және халыққа электронды қызмет көрсету бағытында инновациялық технологияларды алғашқылардың бірі болып тиімді жүзеге асырып отыр, дейді мамандар.

Нежметтин Мутлу, цифрландыру және жасанды интеллект бойынша сарапшы:

Қазақстан цифрлық технологияларды дамытуға өте ерте кірісті. Қазір соның оң нәтижесін көріп отырмыз. Бірқатар креативті жобаларды жүзеге асырды. Түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект мен цифрлық технологиялар бағытында өзара ықпалдаса әрекет етуі өте маңызды. «Цифрлық Жібек жолы» сияқты бірлескен жобаларды жақын арада жүзеге асыру барлығымыз үшін тиімді болады деп ойлаймын.

Жаңа технологияларды дамытуда жастардың рөлі ерекше. Қазақ жастарының бұл бағыттағы талпынысын мамандар оң бағалап отыр.

Женгиз Чалыкоғлы, цифрлық қауіпсіздік және жасанды интеллект бойынша халықаралық маман:

Қазақ жастарының жаңа технологияларды игеру тұрғысынан өте зерек екенін байқадым. Дегенмен жастар тек техникалық біліммен шектелмей, аналитикалық ойлау, шет тілдері, коммуникация және топпен жұмыс істеу дағдыларын да жетілдіруі тиіс. Елдің болашағы тек компьютерлерде сақталған ақпарат емес, бұл – азаматтардың өміріне, экономикасына, мемлекеттік институттарына және болашаққа қатысты шешімдерге тікелей әсер ететін стратегиялық құндылық.

Мамандар Қазақстан жаңа технологияларды дамытуда дұрыс стратегиялық бағыт таңдай отырып, тек өзінің цифрлық трансформациясын жеделдетіп қана қоймай, Орталық Азияның және түркі әлемінің технологиялық экожүйесін дамытуда да көшбасшылық рөл атқара алатынан айтады.

Бөлісу