Бейбіт күннің батырлары
Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Бүгін Президент Үкімет алдына осындай міндет қойды. Кәсіби мерекеге орай Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар қызметінің мамандарын қабылдап, марапаттар табыстады. Мемлекет басшысы апаттың алдын алу үшін озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу маңызды екенін айтты. Сонымен қатар заманауи техникамен және қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұдан бөлек құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары деп атап, ерлігі мен еңбегіне жоғары баға берді. Ақордадағы марапаттау рәсімі жайлы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.
Олар өртке оранған үйге кіреді. Тасқын суға қарсы жүзеді. Қираған ғимараттың астынан тіршілік бейнесін іздейді. Қауіппен бетпе-бет келіп, ажалмен арпалысады. Бұл құтқарушылардың күнделікті қызметі. Иә ерлік әрдайым майдан даласында жасалмайды. Бейбіт күннің де өз батырлары бар.
240 мың. Соңғы бес жылда құтқарушылар осынша адамның өмірін құтқарып қалды. 75 мыңнан астам жедел шақыртуға шықты. Бұл сандардың артында аман қалған тағдырлар, ортаймаған отбасылар тұр. Ал әрбір құтқару операциясы кәсіби шеберлікпен қатар табандылықты талап етеді. Дархан Байдекенов мұны жақсы біледі. Тәжірибелі маман ел ішіндегі қиын операциялармен қатар халықаралық құтқару жұмыстарына да қатысқан.
Дархан Байдекенов, «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы:
Мына қызметте ең басты сый – адамды аман алып қалу. Оның әке-шешесі бар, бала-шағасы бар. Аман оралсын деген жоспармен шығамыз. Сол үшін бізге марапат болып тұр ғой. Оның бәрі оңай емес, қиын. Шақыруға бара жатқанда үйге ораламын ба, оралмаймын ба деп ойлайсың ғой.
Қызыл жалынмен арпалысу – Нұрсұлтан Жалғасовтың күнделікті жұмысы. Он жылға жуық қызметінде талай қауіпті жағдайды бастан өткерді. Адамдарды өрттен құтқарды. Газ баллондарын жалын арасынан алып шықты. Жуырда зауыттағы өртті өшіруге қатысып, үлкен апаттың алдын алуға атсалысты.
Нұрсұлтан Жалғасов, Қызылорда қаласы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы:
Бір ауысымда төрт-бес өрт болуы мүмкін. Барлығына дайын болуың керек. Бір өрттен келдім болды шықпаймын деген жоқ. Бес өрт болса бес өртке барасың. Қону керек болса, қонып жұмыс істейміз. Сондай да жағдайлар болды.
Президент: Құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс
Мемлекет басшысы құтқарушыларды бейбіт күннің батырларына теңеді. Қатерге
қарсы тұру үшін батылдық қана жеткіліксіз. Берік мінез бен елге деген
жанашырлық қажет. Президент осындай қасиеттерді бойына сіңірген азаматтар ғана
ауыр қызметтің үдесінен шыға алатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын.
Апаттың алдын алу – басты міндет. Президент осыған күш салу керектігін айтты. Ол үшін озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қажет. Соңғы үш жылда құтқару қызметіне 3 мыңға жуық техника сатып алынды. Оның ішінде тікұшақтар мен кемелер бар. Сондай-ақ 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Президент саланы техникалық тұрғыдан нығайтып, құтқарушылардың қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек.
Тілсіз жаумен күреске кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Мәселен, шаруа
қожалық жетекшісі Жанат Ибрагимов туған ауылында 22 миллион теңгеге өрт сөндіру
бекетін тұрғызды. Бұл – «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясындағы игі істің бірі.
Екі жылда елді мекендерде 300-ге жуық осындай депо құрылып, 450-ге тарта өрт
дер кезінде сөндірілді. Президент бұл тәжірибені ел көлемінде кеңейтуді
тапсырды.
Жанат Ибрагимов, «Ағайынды» шаруа қожалығының директоры:
Біз районнан 60 шақырым жерде тұрамыз. Районнан келгенше өрт жанып, бітіп кетеді. Ауылымызда өрт мәшинесі дайын тұруы үшін өрт сөндіру бекетін салғыздым. Ауылымызда осындай жоқ. Осындай өрттерді көріп жүрмін. Машиналар қыста оталмай жатады. Жағдай жоқ. Соны ойлап жүрдім ауылыма салып бердім.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Дегенмен қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тігуге екінің бірі бара бермейді. Құтқарушыға батылдық та, біліктілік те қажет. Әр шешімінің артында адам тағдыры тұр. «Елім деген ерді ел қолдаған». Президент мамандығына адал осы жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық екенін айтты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы