Президент ТМД-ның ықпалын күшейтетін жаңа қадамды ұсынды
Қазақстан Президенті ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Түрікменстанның Аваза қаласында өткен мемлекет басшыларының саммитінде көтерді. Президент саудадағы кедергілерді жойып, бірлескен өндірістер мен көлік дәліздерін дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ алғашқы «ТМД плюс» саммитін өткізу және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы ұсыныстарын жеткізді. Биыл 35 жылдығын атап өтетін Достастықтың келешегі мен Алматы декларациясының тарихи маңызы да сөз болды. Алқалы жиынның қорытындысы туралы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Аваза. Ақ мәрмәрлы қонақ үйлер, теңіздің бұйра толқындары. Каспий жағалауындағы шағын қалашыққа күздің суығы әлі келе қойған жоқ. Бүгін 25 градус жылы. Жаймашуақ мезгілде ТМД басшылары түрікмен жерінде түгел бас қосты. Алғаш рет алқалы жиынға қонақ ретінде Иран Президенті де шақырылған.
КСРО-ның ыдырап, Достастық ұйымының құрылғанына биыл 35 жыл. Маңызды меже. Одаққа кірген 15 елдің қазір тоғызы ТМД-ға мүше. Президент ұйымды жаңа геосаяси жағдайға бейімдеп, халықаралық ықпалын арттыру қажет екенін айтты. Ол үшін ұйымның ұзақмерзімді даму бағытын айқындауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған еді. Одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді. Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива.
Иә ТМД-ның шымылдығы Алматыда түрілген. 1991 жылдың желтоқсанында Алатау баурайында қабылданған декларация егемен елдердің теңдігін айқындады. Никол Пашинян осы тарихи құжат Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздерге негіз болғанын айтты.
Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:
Алматы декларациясы Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнатуда шешуші рөл атқарды. 2024 жылы екі ел мемлекеттік шекараны межелеу жөніндегі комиссиялардың бірлескен жұмыс тәртібін бекітті. Бүгінде бейбітшілік орнағанын нақты айта аламыз. Соңғы екі жылдан астам уақытта екі тарап арасындағы атыстан қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Достастықтың халықаралық байланысын кеңейту күн тәртібіне шығып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның ықпалын күшейтетін жаңа бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Ендігі қадам – алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді. Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті.
Қазақстанның сыртқы саудасының төрттен бірі ТМД елдеріне тиесілі. Былтыр тоғыз елмен тауар айналымы 40 миллиард долларға жуықтады. Биылғы жеті айда сауда көлемі тағы 10 пайызға өсті. Экономикамен қатар саяси ықпалдастық та маңызды.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Президент ұйым әлеуетін толық пайдалану үшін саудадағы жасанды кедергілерді жою қажеттігін айтты. Қызмет көрсету нарығын кеңейтіп, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау керек. Осы орайда, ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды. Көлік дәліздерін дамыту мен жүк тасымалын цифрландыруға да назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Басты мақсат – «Бірыңғай цифрлық дәліз» қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз бойынша Өзбекстанмен және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды форматта алмасу жолға қойылды. Ресей және Беларусь елдерімен де дәл осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресей тарапымен бірлесіп биыл мамыр аясында жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық жүк тасымалы ұйымдастырылды. Анағұрлым тиімді шешімдерді ТМД аумағында жаппай тарату қажет деп санаймын.
Президент жасанды интеллектіні дамытуда ТМД елдерінің күш біріктіруі маңызды екенін айтты. Осы салада тәжірибе алмасатын тұрақты жүйе құруды ұсынды. Оған ғылыми орталықтар, университеттер мен технологиялық компаниялар қатыса алады. Сондай-ақ келер жылы Астанада ТМД елдерінің жасанды интеллект мамандарының форумын өткізуді ұсынды.
Саммит қорытындысында ТМД елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшылары 2028 жылды Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жылды Көлік байланысы жылы деп жариялады. Ал төрағалық міндеті келер жылдан бастап Өзбекстан еліне өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы