Басты Жаңалықтар Президент ТМД-ның ұзақмерзімді стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Президент ТМД-ның ұзақмерзімді стратегиясын әзірлеуді ұсынды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын 2035 жылға дейін дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Түрікменстанда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында осындай ұсыныс айтты. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы ТМД елдерінің үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасақтауды ұсынды. Түрікменстаннан Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Түрікменстанда үлкен саяси жиындар жалғасып жатыр. Бүгін Аваза курорттық қалашығында ТМД мемлекеттерінің басшылары бас қосты. Биыл Достастықтың құрылғанына 35 жыл толады. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның іргесі Алматыда қаланғанын еске салды. Президенттің айтуынша, 1991 жылы қабылданған Алматы декларациясы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алуға ықпал етті. Армения Премьер-министрі Никол Пашинян да тарихи құжаттың маңызына тоқталды. Ол Алматы декларациясы Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келіссөздерге негіз болғанын айтты.Алайда 35 жылда әлем өзгерді. Халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып, геосаяси жағдай күрделене түсті. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Достастықты заман талабына бейімдеп, экономикалық байланысты күшейтуді ұсынды. Президент ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу қажет екенін айтты. Онда экономика, энергетика, инфрақұрылым және жаңа технологияларға басымдық берілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге де назар аударды. Осы бағытта тәжірибе алмасатын тұрақты тетік құруды ұсынды. Келесі жылдың алғашқы тоқсанында Астанада ТМД елдерінің жасанды интеллект мамандарының форумын өткізу бастамасын көтерді. Сондай-ақ Достастық халықтарының таңдаулы әдеби шығармаларынан ортақ кітап қорын жасақтауды ұсынды. Оның цифрлық нұсқасы да көпшілікке қолжетімді болмақ.Президент ұйымның халықаралық ықпалын арттыру мәселесіне де тоқталды. Осы мақсатта алғашқы «ТМД плюс» саммитін өткізуді ұсынды. Бұл бастама Достастықтың өзге мемлекеттермен байланысын кеңейтуге бағытталған. Қазақстан Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың ортақ тұжырымдамасын жетілдіруге де атсалысуға дайын. Президент мұндай құжат текетіреске емес, өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа негізделуі қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Достастықтың 35 жылда мемлекеттер мен халықтарды байланыстыратын ұйымға айналғанын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.

Бөлісу