Басты Жаңалықтар Жеті жылда 536 спорт нысаны салынды

Жеті жылда 536 спорт нысаны салынды

Елімізде соңғы 7 жылда 536 жаңа спорт нысаны салынды. Нәтижесінде халықты спорт инфрақұрылымымен қамту көрсеткіші  60 пайызға жетті. Қазір өңірлерде заманауи стадиондар мен инклюзивті орталықтарды көбейтуге басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта тағы қанша нысан бой көтереді? 

Үлкен жеңістердің іргетасы мықты инфрақұрылымнан қаланады. Қазір елдегі 26 мыңнан астам спорт нысаны осы мақсатқа қызмет етіп тұр. Оның көпшілігі - мемлекеттік. Тек 8 пайызға ғана жеке меншікте.

Соңғы жеті жылда бірқатар маңызды спорт нысаны салынып, пайдалануға берілді. Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы мен «Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешені, Қостанайда Мұз сарайы бой көтерді. Ал Алматы облысында Республикалық Olympia базасы жұмысын бастады. Қазір аталған нысандарда ұлттық құрама спортшылары жаттығу өткізіп, олимпиадалық резерв дайындалуда.

Былтыр Қызылордада УЕФА талаптарына сай заманауи төсеніші бар 11 мың орындық стадион пайдалануға берілді. Ал, Түркістанда Мұз сарайы, Теннис орталығы мен Орта Азияда теңдесу жоқ «Ескек есу» арнасы іске қосылды. Жаңа кешенде байдарка мен каноэда есуден, академиялық ескек есуден бірнеше халықаралық жарыс ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ерекше жандарға арналған инклюзивті орталықтар саны да артып келеді. Былтыр дәл осында 4 нысан ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, биыл елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталды. Жоғары оқу орны көпсалалы спорт және ғылыми орталық ретінде де жұмыс істейді.

Асылбек Данияр, тілші:

Қайтарылған активтер мен Инфрақұрылымды дамыту қорының есебінен бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алды. Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін еліміз бойынша 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал алдағы екі жылға арналған жол картасы аясында 86 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде 56 нысан ауылдық жерлерде салынбақ.

Бөлісу