Басты Жаңалықтар 20 млрд доллар межесі: Президент бірлесіп әрекет етуге шақырды

20 млрд доллар межесі: Президент бірлесіп әрекет етуге шақырды

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара сауданы 20 миллиард долларға жеткізуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Түрікменстанның Аваза қаласында өткен мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуінде көтерді. Мемлекет басшысы көлік дәліздерін дамыту, трансшекаралық су қорын бірлесіп пайдалану және жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты да ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ өңірлік бастамалардың орындалу барысын қайта қарау қажеттігін айтты. Алты ел басшылары талқылаған мәселелер туралы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Каспий жағалауы. Түрікменстанның шағын Дубайы атанған – Аваза курортты қалашығы. Бүгін-ертең бұл демалыс аймағы халықаралық саясаттың маңызды орталығына айналып отыр. ТМД жиынының алдында Орталық Азия мен Әзербайжан басшылары әуелі өзара басқосып, ортақ мәселелерді талқыға салды.

Азия кіндігіндегі бестіктің кеңесі 2018 жылы Астанадан бастау алып, дәстүрге айналған. Былтыр оған бауырлас Әзербайжан қосылып, аясы кеңейіп, алтылыққа айналды. Елдері аралас, жерлері шекаралас мемлекеттердің мәселесі де ортақ. Ақылдасып, басқосу – ата дәстүр.

Қазір әлем назары Орталық Азияға ауып отыр. Алып елдермен бірлескен саммиттер жиіледі. Әзербайжанмен қосқанда аймақта 94 миллион адам тұрады. Ал ішкі жалпы өнімі 619 миллиард доллардан асты. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Жер көлемі 4 миллион шаршы шақырым. Былтыр өзара алыс-беріс 13 миллиард долларды шамалады. Бұл алты елдің сыртқы саудасының небәрі 8 пайызы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс. Аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашады. Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған.

Бұл бастамаға өзбек тарапы да қолдау білдірді. Шавкат Мирзиеев бірлескен өндірісті дамытуға шақырды. Ол үшін ірі жобаларды қаржыландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру маңызды.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

«Алты экономика, бір өнім» қағидасы біздің ортақ мақсатымызды дәл сипаттайды. Бірнеше елдің кәсіпорындары бір өндірістік тізбекке қатысып, ортақ өнім шығарса, экономикаларымыз арасындағы байланыс әлдеқайда нығаяды. Мұндай ынтымақтастық қарапайым тауар саудасынан әлдеқайда берік болады. Осы жұмысты дамыту үшін 2027 жылы алғашқы «Орталық Азия және Әзербайжан» бизнес форумын өткізуді ұсынамыз.

Ал сауданың күретамыры – жол. Қазақстан бірнеше ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Зангезур дәлізімен өтетін TRIPP жолымен байланыстыруды ұсынды.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы:

Орта дәліз мына Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бастамасымен түйіседі. Яғни Қазақстан арқылы және Қазақстанның территориясы арқылы Қытай өз тауарларын Орта дәліз арқылы сәйкесінше, Әзербайжан, Түркия және өз тауарларын Еуропаға жеткізу, яғни тасымалдауға мүмкіндік алып отыр. Осы ретте Орта дәліздің дамуы тек қана Қазақстан, Орталық Азия, Әзербайжан үшін емес, сонымен қатар Қытай мен Еуропаға да үлкен бір мүмкіндік деп ойлаймын.

Орта дәліз мүмкіндігіне дүниежүзілік банк те назар аударып отыр. Оның есебінше, 2040 жылы бұл бағытпен жүк тасымалы 4 есе өсуі мүмкін. Әрине әуелі инфрақұрылымды дамыту қажет. Оған 25 миллиард доллар инвестиция керек.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:

Бүгінде Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай артып келеді. Біздің ортақ міндетіміз осы бағыттардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Орта дәліздің маңызы да артып келеді. Былтыр осы бағытпен транзиттік жүк тасымалдау көлемі 10 пайыздан астам өсті. Ал биылғы алғашқы сегіз айда тағы 20 пайызға жуық көбейді.

Қазір іргелі елдер жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып отыр. Президент көршілерге көштен қалмай, күш біріктіруге шақырды. Нейрожелілерді қауіпсіз пайдалану маңызына да тоқталды. Осы технологияларды бақылаудың бірлескен тәсілдерін тезірек әзірлеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан жасанды интеллектінің біртұтас экожүйесін дәйекті түрде құра бастады. «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда. Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Alem.ai халықаралық орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл тақырып өте өзекті. Осыны ескеріп, жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Оның аясында елдеріміздің ғылыми орталықтары, университеттері, технологиялық компаниялары ақпарат пен тәжірибе алмаса алады.

Дүрбелеңге толы дүниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау маңызды. Президент терроризм, есірткі саудасы, заңсыз көші-қон және алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге шақырды. Сондай-ақ өңірге ортақ телеарна ашу бастамасын көтерді. Келесі жылы жастардың волонтерлік форумын өткізуді ұсынды. Бұл шаралар ағайын елдер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

Шерхан Жамбылұлы, тілші

Сонымен қатар Президент су тапшылығын аймақтағы басты мәселелердің бірі деп атады. Трансшекаралық су қорын бірлесіп пайдаланудың жаңа тәртібін әзірлеуді ұсынды. Осы мақсатта өңірлік конвенция қабылдап, БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Бұл мәселелер ертең де күн тәртібінде болады. Каспий экологиялық саммитінде теңізге қатысты негізгі мәселелер талқыланбақ. Ал бүгінгі жиын қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдап, тарқасты.

Бөлісу