Шағын мектептерді қолдауға Qazaq Digital Mektebi жобасы әзірленуде
Ақмола
облысындағы ауыл мектептерінде бала саны азайып жатыр. Өңірдегі 525 білім
ошағының 60 пайыздан астамы шағын жинақты мектептер. Оқушы тапшылығынан
мұғалімдер сабақты бірнеше сыныпты біріктіріп өткізуге мәжбүр. Дегенмен, бұл
мәселені шешудің жаңа тетігі табылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен орта
білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіле бастады. Сол арқылы сабақ
орталықтан онлайн режимде жүргізіледі. «Qazaq Digital mektebi»
жобасына өңір мектептері 2027 жылдың көктемінде қосылмақ.
Өңірде шағын жинақты мектептердің ең көбі Зеренді ауданында. Аудандағы 52 жалпы
білім беретін мектептің 44-і шағын жинақты. Мәселен, Ақан ауылындағы негізгі
мектеп 80 оқушыға шақталғанмен, іс жүзінде 22 бала оқиды.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Бұл жерде 7 мен 8 сынып оқушылары бірігіп, бір класта білім алып жатыр. Екі сыныпта барлығы 5-ақ бала. Оның үшеуі үздік оқиды. Демек, оқушы санының аздығы бір жағынан ұтымды. Яғни, ұстаздың әр оқушының ерекшелігіне сай жеке жұмыс жүргізуіне мүмкіндік бар. Дәптер тексеруге де көп уақыт жұмсалмайды. Десе де, 45 минутты екі сыныпқа теңдей бөліп, тақырыпты жетік түсіндіру ұстаздан біліктілікті талап етеді.
Ақниет Теміржанова – ағылшын тілінің мұғалімі. Жас ұстаздың айтуынша, бір
мезгілде екі түрлі сыныпқа сабақ беру тайм-менеджментті шебер меңгеруді талап
етеді. Себебі, уақытты дұрыс бөлу - білім сапасының кепілі.
Ақниет Теміржанова, Ақан аулының негізгі орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі:
Қиындықтар туындайды. Яғни біз қай балаға қарауымыз керек? Дербес ерекшеліктеріне де қараймыз, жас ерекшеліктеріне қараймыз сол жерде. Уақытқа да байланысты және тиімді әдістерді іздеуіміз керек.
Екі немесе үш сыныпты біріктіріп оқытуда мұғалімге түсетін жүктеме жоғары, ал
сағат саны аз. Сондықтан ұстаздар көрші ауылдарға барып сабақ береді немесе
ұстаз тапшылығы салдарынан өзге пәннен сабақ беруге мәжбүр. Себебі өңірде
400-ге жуық педагог жетіспейді.
Толқын Сәдуақасова, Баратай ауылдық негізгі орта мектебінің директоры:
Қазіргі таңда орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, сосын информатика пәнінің мұғалімі жоқ. Өз мектебіміздің ұстаздары сол вакансияны алып , жүктеліп берілуде.
Сыныптарды біріктіру оқушылардың өз ауылында білім алуына мүмкіндік береді. Мәселен, тек осы жылы оқушы санының аздығынан облыс бойынша бес ауыл мектебі жабылса, тағы бесеуі орта мектептен негізгі мектеп немесе бастауыш мектеп болып қайта құрылды.
Әділет Сембі, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:
Бір сыныпта кем дегенде 3 бала оқу керек. Мысалы, 5-ші сыныпта бір бала, 6-да бір бала, 7-де бір бала болса, ол класс комплект болып саналмайды. Сондықтан да бұл кластар қосылып бір-бірімен, 3 баладан бастап, 28 -30 балаға дейін класс комплект болып саналады.
Облыстағы 328 шағын жинақты мектептің 50 пайызға жуығы нормативке сай емес.
Яғни, 154 ауыл мектебінде бала саны 40-қа да жетпейді. Мәселен, облыстағы шағын
жинақты мектептердің қуаттылығы 68 мың орын болса, іс жүзінде 20 мыңға жуық
бала оқиды.
Шағын жинақты мектептерді қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен
Qazaq Digital Mektebi жобасы әзірленуде. Жасанды интеллектпен қамтылған Ұлттық
білім беру платформасына Ақмола облысы 2027 жылдың көктемінде пилоттық режимде
қосылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы