Басты Жаңалықтар Президент өзара сауданы $20 млрд-қа жеткізуді ұсынды

Президент өзара сауданы $20 млрд-қа жеткізуді ұсынды

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара сауданы 20 миллиард долларға жеткізуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Түрікменстанның Аваза қаласында өткен мемлекет басшыларының Консультативтік кездесуінде көтерді. Мемлекет басшысы көлік дәліздерін дамыту, трансшекаралық су қорын бірлесіп пайдалану және жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты да ұсыныстарын жеткізді. Президент тағы қандай мәлімдеме жасады. Әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Каспий жағалауындағы Түрікмен елінің шағын ғана Аваза курорттық қалашығы үлкен саясаттың орталығына айналып отыр. Жаңа түске дейін Орталық Азия және Әзербайжан алтылығының басшылары кезекті мәрте кеңесте бас қосты. Азия кіндігіндегі бестіктің кеңесі 2018 жылы Астанадан бастау алып, дәстүрге айналған. Былтыр оған бауырлас Әзербайжан қосылып, аясы кеңейіп, алтылыққа айналды Президент сөз басын ауызбіршілік туралы ойынан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша бүгінде Орталық Азия мен Әзербайжан Еуразиядағы өсіп-өркендеп келе жатқан геосаяси ықпалдастық орталығы саналады. Иә қазір әлем назары Орталық Азияға ауып отыр. Алып елдермен бірлескен саммиттер жиіледі. Әзербайжанмен қосқанда аймақта 94 миллион адам тұрады. Ал ішкі жалпы өнімі 619 миллиард доллардан асты. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Жер көлемі 4 миллион шаршы шақырым. Былтыр өзара алыс-беріс 13 миллиард долларды шамалады. Бұл алты елдің сыртқы саудасының небәрі 8 пайызы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс. Аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда-логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтары мол мүмкіндікке жол ашады. Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған.

Сауданы дамыту үшін көлік қатынасын жақсарту қажет. Президент Орта дәлізді TRIPP жобасымен байланыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» бағытының маңызын атап өтті. Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2040 жылға қарай Орта дәліздегі жүк тасымалы төрт есе артуы мүмкін. Ол үшін инфрақұрылымды дамытып, 25 миллиард доллар инвестиция тарту қажет. Жасанды интеллект саласында да алты ел күш біріктіруі тиіс. Мемлекет басшысы нейрожелілерді қауіпсіз пайдаланудың ортақ ережелерін әзірлеуге шақырды. Президент су тапшылығын аймақтағы басты мәселелердің бірі деп атады. Трансшекаралық су қорын бірлесіп пайдаланудың жаңа тәртібін әзірлеуді ұсынды. Осы мақсатта өңірлік конвенция қабылдап, БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Су және экология мәселелері ертең де күн тәртібінде болады. Каспий экологиялық саммитінде теңіздің қазіргі жағдайы мен оны сақтау жолдары талқыланбақ.

Бөлісу