Президент жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды
Мемлекет басшысы Түрікменстанға Президент Сердар Бердімұхамедовтің шақыруымен жұмыс сапарымен барады. Қасым-Жомарт Тоқаев Авазада Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Сонымен қатар Каспий экология саммитінде сөз сөйлейді деп жоспарланған.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осы аптада Аваза үлкен саясаттың орталығына айналмақ. Каспий жағалауындағы курорттық қалашыққа он шақты елдің басшысы жиналып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев мінген борт түн жарымда жергілікті әуежайға келіп қонды. Аэропортта құрмет қарауылы сап түзеп, жергілікті тарап мәртебелі мейманды сый-құрметпен қарсы алды. Президенттің алдағы екі күнге жоспарланған жұмыс кестесі тығыз.
Ең әуелі Орталық Азия және Әзербайжан президенттері бас қосады. Консультативтік кездесу 2018 жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Былтыр Ташкенттегі жетінші кездесуде бестік алтылыққа айналды. Орталық Азия басқосуына Каспийдің арғы жағындағы Әзербайжан толыққанды қатысушы ретінде қосылды. Алты елдің экономикалық әлеуеті қарқынды. Жиынтық жалпы ішкі өнімі 620 миллиард доллардан асады. Соңғы алты жылда елдердің өзара саудасы екі есе өсіп, 12 миллиард доллардан асқан. Ендігі міндет сауданы бірлескен өндіріс есебінен арттыру. Авазада мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдамақ. Әзербайжанның толыққанды қатысушы болуына байланысты бірқатар құжат та жаңартылады. Саммит аясында ұлттық тағамдар фестивалі, көрме және концерт өтеді. Авазадағы саяси іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Жұма күні ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Сол күні Каспий маңы елдерінің басшылары алғаш рет экологиялық саммитке жиналмақ. Негізгі мәселе Каспий теңізінің таяздануы. Тараптар теңіз деңгейінің төмендеу себептері мен салдарын, су ресурстарын сақтау жолдарын талқылайды. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылуы мүмкін. Саммит қорытындысында «Каспий бестігі» декларациясын қабылдау көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы