Ақтөбеде пилоттық жоба нәтижесін бере бастады
Ақтөбеде мүгедектігі бар жандарға арналған пилоттық жоба аз уақытта өз нәтижесін бере бастады. Жоба бойынша кресло-арбалары сынған немесе өлшемдері келмей қалған жағдайда оны арнайы қорға әкеліп, жөндете алады. Ол дайын болғанша қордағы жаңасын қолдануға болады. Бұл қызметті қазірдің өзінде 20-дан аса адам пайдаланып үлгерген. Сапалы арбаға мұқтаж жандардың бірі – Сәуле Оразалина. Тоғызыншы қабатта тұратын зейнеткердің жүріп-тұруы қиын. Ол отыз жылға жуық мемлекет қолдауымен берілген екі арбаны ғана пайдаланып келген. Өзіне ұнайтын жаңасын алуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жоба бізге тиімді дейді.
Сәуле Оразалина, зейнеткер:
«Зейнетақым кішкентай, мысалы. Мен коляска сатып алғым келеді. Бірақ жақсы коляска 150-120 тұрады. Менде ондай ақша жоқ алатын».
Ал Қасқырбай Жанқанов күніне ондаған шақырым жүреді. Сондықтан арбасы тез тозады. Бірде доңғалағы, келесіде басқа бір жері істен шығады. Жаңа қосалқы бөлшектер келгенше үйінен шыға алмай қалған кездері аз болмаған. Енді бұл қиындықтар артта қалды. Бүгін ол сынған арбасын арнайы қорға әкеліп, жөндеуге тапсырды.
Қасқырбай Жанқанов, қала тұрғыны:
«Көп жүремін, ол енді көп шыдамайды. Әрі кетсе жыл жарым, екі жыл жүремін. Шыдамай қалады, шаршап қалады.Сосын әркімнен сұрайсың, доңғалағын сұрайсың. Сөйтіп жүрдік. Мынау жақсы болды».
Техникалық оңалту құралдарының қайтарымды моделі» деп аталған жоба еліміздің үш облысында басталған еді. Екі ай ішінде Ақтөбеде бұл мүмкіндікті 21 адам пайдаланған. Қазір қорда 40-тан аса арба бар.
Айжан Хамзина, «Техникалық оңалту құралдарының қайтарымды моделі» жобасының жүргізушісі:
«Мысалы, мүгедектігі бар адамның қолданып жүрген арбасы немесе кресло-арбасы сынып қалса, жөндеу керек болса, біздің пилоттық жобаға қатысады. Біз техникалық оңалту құралы сервистік орталыққа жөндеуге жібереміз. Ал сол аралықта ол адам біздің қордан тегін өзіне сәйкес келетін техникалық құралды қолданысқа алады».
Өңірде 31 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның ішінде арбаға таңылғандары екі мың шамасында.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы