Басты Жаңалықтар Экологиялық мәселелерді зерттейтін институт ашылды

Экологиялық мәселелерді зерттейтін институт ашылды

Соңғы 20 жылда Каспий теңізінің деңгейі екі метрге төмендеген. Алматыда өткен халықаралық конференцияда ғалымдар бұл өзгерістің салдарын жойып, теңізді сақтаудың ғылыми жолдарын ұсынды. Жиынға Қазақстан, Германия және Финляндияның жетекші сарапшылары мен ғалымдары  қатысты. Олар Каспийдегі өзгерістерді алдын ала анықтау үшін жасанды интеллект пен спутниктік бақылауды пайдалану қажет дейді. Осы мақсатта Ұлттық ғылым академиясы су қорын бақылап, қауіп-қатерді  талдауға мүмкіндік беретін DeepBas интеллектуалдық платформасын әзірлеп жатыр. Бұл жүйені алдағы уақытта Каспий өңірінде қолдану көзделген. Осы арқылы мамандар су деңгейінің қалай өзгеретінін болжап отырмақ. Конференция аясында су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруін бақылайтын  мамандар даярлайтын Қазақстан-Неміс NEXUS институты ашылды.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті:

Бұл институттың негізгі мақсаты - экологиялық мәселелерді зерттеу. Осы Германиядағы болған тәжірибені Қазақстанға алып келу. Бұл экология мәселесі соның ішінде ең өзекті мәселе су ресурстары мәселесін бірге зерттейміз.
Каспийді сақтау үшін су мәселесін жеке қарастыру жеткіліксіз. Сондықтан ғалымдар су ресурстары, энергетика, табиғи орта мен биоалуантүрлілікті өзара байланыстыра зерттеуге басымдық беріп отыр. Басқосуда айтылған ғылыми тұжырымдар арнайы талдамалық құжатқа жинақталмақ. Ол Каспий экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша нақты шешімдер әзірлеуге негіз болмақ.
Волрад Роммель, Қазақстан – Неміс университетінің президенті:
Біз Каспий мәселесін шешу үшін Қазақстан мен Германияның ғана емес, түрлі саладағы халықаралық зерттеушілер мен сарапшылардың басын қосқымыз келеді. Еуропа елдерінің тәжірибесін пайдаланып, Каспий маңы мемлекеттері мен Орталық Азия елдерінің ғалымдарын біріктіретін ауқымды ғылыми желі қалыптастыруды көздеп отырмыз.


Бөлісу