Басты Жаңалықтар Президент Баварияға барды

Президент Баварияға барды

Мемлекет басшысының Германияға ресми сапары жалғасып жатыр. Бүгін Президент Мюнхен қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Үкіметі мен Ландтаг басшыларымен және бизнес-құрылым өкілдерімен кездесу өткізді.

Шерхан Жамбылұлы тілші:

Бавария Мемлекет басшысын жаймашуақ күн райымен қарсы алды. Мюнхенде бүгін маңызды келіссөздер жоспарланған. Президенттің бүгінгі жұмыс кестесі де өте тығыз.

Бавария. Автоөндіріс алыптарының аймағы. Бақуатты, бәсекеге қабілетті өңір. Германия экономикасының бестен бірі осы жерге тиесілі. Былтыр жалпы ішкі өнімі 824 миллиард еуродан асты. Демек, экономика әлеуеті бойынша әлем елдерімен бәсекеге түссе жаханда жиырмалыққа жақындап тұр. Жер жүзіне танылған өндіріс орындары да осында. BMW, Ауди, Siemens, MAN және Infineon секілді әлемдік компаниялардың бас кеңселері осында орналасқан. Былтыр Бавария 227 миллиард еуроның тауарын экспортқа шығарды.

Сондықтан Президенттің Мюнхендегі жұмыс кестесі әуелі Бавария бизнесінің алыптарымен кездесуден басталды. Әуелі Мемлекет басшысы Siemens компаниясының вице-президенті Бернд Ульбрихтты қабылдады. Кездесуде Qarmet металлургия комбинатының жабдықтарын жаңғырту жобасы талқыланды. Оны неміс компаниясы мен қазақстандық кәсіпорын бірлесіп жүзеге асырады. Сондай-ақ медициналық технология саласындағы ынтымақтастық мәселесі де талқыланды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі жетекші өнеркәсіптік газ және инжиниринг компанияларының бірі Linde  басшылығымен кездесті. Олар Қазақстан нарығында 15 жылдан бері жұмыс істейді. Компания Теміртауда өнеркәсіптік газ өндіретін екі ірі қондырғыны іске қосты. Жалпы бұл бірлестік елімізге жарты миллиард доллар инвестиция салуға ниетті.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

Сонымен қатар Президент Президент Aurubis AG байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтты қабылдады. Кездесуде тау-кен металлургиясы саласындағы бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды. Негізгі бағыттардың бірі – мысты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бавария Қазақстанның Германиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 4,7 миллиард еуроға жетті. Қазір Қазақстанмен 400-ге жуық бавариялық компания жұмыс істейді. Оның 60-қа жуығы елімізде өз өкілдігін ашқан.

Сауданың негізгі бөлігін Қазақстан экспорты құрайды. 2024 жылы Бавария Қазақстаннан 3,5 миллиард еуроның тауарын сатып алды. Оның 90 пайызға жуығы мұнай мен газ. Ал Бавариядан елімізге автокөлік, өнеркәсіптік жабдық, химия өнімдері жеткізіледі.

Президент Бавария Премьер-министрімен де жүздесті. Кеңсесіне барып, құрметті қонақтар кітабына қолжазба қалдырды. Ал неміс тарапы Президентке әйгілі мюнхендік Бавария футбол клубының 77-ші нөмірлі жейдесін сыйға тартты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша, Қазақстан Бавария үшін энергия мен стратегиялық шикізат жеткізуші ғана емес, Орталық Азия нарығына шығатын серіктес. Ал Қазақстан үшін Бавария жаңа технология, инвестиция және инженерлік тәжірибе көзі. Сондықтан қазіргі міндет сауда көлемін ұлғайтумен шектелмейді. Тараптар Қазақстанда дайын өнім шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға басымдық беріп отыр.
Бөлісу