Басты Жаңалықтар Жамбыл жолдарын жөндеуге ₸23,4 млрд бөлінді

Жамбыл жолдарын жөндеуге ₸23,4 млрд бөлінді

Жамбыл жолдарына биыл 23 млрд теңгеден астам қаржы қаралғанына қарамастан 11 мыңнан аса ақау анықталды.  Жол-техникалық инспекциясы жыл басынан бері 19 мың шақырымнан асатын автожолды тексерді. Нәтижесінде жол сапасына атүсті қарағандар айыппұл арқалап, қателікті түзеу бойынша қадағалау күшейді. Жолдың жайын Данияр Әлімқұл жалғайды.

Қаладағы Қажымұқан көшесі шаңдаққа айналып, көлік нөпірін шабандатып тұр. Өйткені асфальт бөлігі алынып, бетіне борпылдақ топырақ төселген. Сөйтсе 5 жыл бұрын газ құбыры мен ауыз су құбыры тартылыпты. Алайда коммуналдық желіні жүргізгендер қопарылған көшені қайта қалпына келтірмеген. Уәжін айтқан ел уәдесін берген әкімдік әлі әрекет етпей отыр дейді.

Күләш Қасабекова, Тараз тұрғыны:

Жібереміз, осы жазда істейміз деді. Одан бері 2 жыл өтіп кетті. Сол жауаптан кейін. Біздің көшеміздің өзі орталықта орналасқан. Жаздыгүні шаң бырқылдаған. Қыстыгүні қар жауған кезде мына жер өзімізге, балаларға өте жаман.

Қала билігі көшені келер жылға ығыстырды.  Жалпы қалада 1700-ден аса көше бар десек, оның 500-ге жуығы әлі шағал күйінде.  Биыл жолдарды жаңарту үшін 73 жоба мақұлданып, 23,4 млрд теңге бөлінді. Енді екі жылда 135 шақырымға жуық жол жөнделеді. Жобада жыры таусылмаған 16 шақырымдық Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел бағыты да бар.

Досжан Жантелиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Келер жылға өтпелі болғандықтан биылғы жұмысын жасап, арғы жағын күтіп ұстап отырмыз. Екі жылға 800 млн теңге қаражат бөлінді. Биыл 400 млн-ын игеріп, 8 шақырым жол салынып бітті. Биылғы жоспардағы жұмысымызды аяқтадық.

Ал қазына қаржысына төселген жолды күтіп ұстауда кемшілік көп.  Жол-техникалық инспекция соңғы сегіз айда 19 мың шақырым автожолды тексерген. 11 мыңнан астам ақау анықталды.  Комиссия жолға жауаптылар мен әкімдік мамандарына 2 400 нұсқама жолдаған. Алайда ақауды жоюға асықпаған 285 адам жазаланды.

Ержан Мананбаев, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін, ауылдық округтік әкімдіктердің лауазымды тұлғаларына қатысты ӘҚБ коддексінің 462-ші бабының 3-ші бөлігіне сәйкес, 30 әкімшілік хаттамалар толтырылып, бүгінгі таңда 12 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Жалпы жолдарды күтіп ұстауға 4 млрд теңге қаралған. Айта кетейік, биыл аймақ елді мекендерінде 76 шақырым жол асфальтталмақ. Бұл ретте  облыстық - 33, аудандық маңыздағы 20 шақырым жол бар. Нәтижесінде Жамбыл жолдарының 99% жаңарады. 


Бөлісу