Орталық Азиядағы алғашқы FIA дрифт додасы мәресіне жетті
Орталық Азияда тұңғыш рет FIA дрифт кубогы ұйымдастырылды. Алматы облысындағы Sokol халықаралық автодромында өткен додаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 20 пилот қатысты. Сайыста жүлделі үш орынның барлығын қазақстандық спортшылар иеленді. Ауқымды бәсекені Қазақстанның Автомотоспорт федерациясы мен Қырғызстанның Автомотоспорт және жол қауіпсіздігі федерациясы бірлесіп өткізді. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, автошабандоздарға сәттілік тіледі.
Жоғары жылдамдық, көлік басқарудың шеберлігі және қарсыласпен иін тірескенбәсеке. Үш күнге созылған додада автошабандоздар барын салды. Алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа қатысушылар алдымен жеке іріктеуден өтіп, үздіктері жұптық сайысқа жолдама алды.
Бильгун Ерхембаяр, жарысқа қатысушы:
FIA дрифт кубогына алғаш рет қатысып отырмын. Әрине, қобалжу бар. Оның үстіне қарсыластарым да осал емес. Жолда түрлі кедергілерге тап болып, жарысқа кешігіп жеттік. Соның салдарынан іріктеу алдындағы жаттығуға уақыт болмады. Дегенмен бұл біз үшін үлкен тәжірибе болмақ.
Жанкүйерлер жарыс арасында спорттық көліктерді жақыннан көріп, пилоттармен тілдесіп, қолтаңба алды. Ал автодром аспанында Қазақстан, Қырғызстан және FIA туын ұстаған парашютшілер көктен түсті. Додаға арнайы дайындалған Sokol трассасы да көліктің мүмкіндігін ғана емес, жүргізушінің шеберлігін де аша түсті, дейді ұйымдастырушылар.
Янис Блуш, ұйымдастырушы, FIA ұйымының өкілі:
Трасса өте жоғары деңгейде дайындалған. Әлемнің әр елінде жарыстар өткіздік, бұл жол солардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі деп айта аламын. Көрермендер үшін де барлық жағдай жасалған, трибуналар өте ыңғайлы. Трассаның өзі, әрине, оңай емес. Бабы келіскен жүргізушілер ғана мұндай кедергілерді бағындыра алады.
Жарыстың шешуші кезеңіне тек қазақстандық пилоттар жетті. Осылайша Олег Хридочкин Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған FIA дрифт кубогының жеңімпазы атанды. Екінші орын Михаил Пакқа, үшінші орын Александр Бочкаревке бұйырды. Үш спортшыға жалпы көлемі 13 млн теңгеден аса ақшалай сыйақы табысталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы