Басты Жаңалықтар Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» халықаралық конференциясы өтті

Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» халықаралық конференциясы өтті

Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» тақырыбында ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған түркі мемлекеттерінің, Ресей, Болгария, Германия, Швеция секілді барлығы 12 елдің тарихшылары, түркітанушылары мен археологтары және тіл білімінің мамандары қатысты.   

Басқосудың бүкіл түркі тарихын, мәдениетін және археологиялық мұрасын зерделеуде атқаратын стратегиялық және ғылыми маңызы зор. Әсіресе жаһандану заманында бауырлас халықтардың мәдени-рухани тұтастығын, ортақ құндылықтарын сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттау қажет, дейді ғалымдар. Сонымен қатар Алтай аймағындағы соңғы қазба жұмыстарының нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу бағытында ұсыныстар айтылды. Мәселен, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев Шығыс Қазақстаннан табылған ежелгі түрік қағанының бейнесін зерттеуді қолға алған.   

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы:

Сол ескерткіштердің негізінде түркі халықтарының сол кездегі көне түркілердің мемлекеттілігінің қалыптасуы, оның мәдениетінің қалыптасуы, содан кейін оның діни нанымдары деген сияқты көптеген мәселені осы бір ескерткіштің негізінде шешуге болады екен. Өйткені осыған дейін осындай кешендер тек қана Орхон бойында ғана табылып, зерттелген болатын.

Конференцияда түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі сөз болды. Ғалымдар ежелгі түркілердің металлургияны меңгеруі, атты қолға үйретуі, әскери өнері мен мемлекеттік жүйесі туралы зерттеулерін алға тартып, баяндамалар жасады. Игі шара аясында түркі тілдес елдердің жетекші ғылыми орталықтары арасында ортақ оқулықтар, энциклопедиялар мен карталар әзірлеу туралы келісімдерге қол қойылмақ.

Кесё Осман, түркітанушы:

Менің зерттеулерім XVIII ғасырдағы Түркістан, оның саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайы туралы. Түркістан деп Орталық Азияны атаймыз. 200-300 жыл бойы осы өңір халықтарына көптеген шабуыл жасалды. Аман қалуының өзі қиын болған уақытты өткерді. Сондықтан соңғы 30 жылды қайта өркендеу заманы деуге болады. Мен Еуразия университетінде қызмет еттім. Әр келген сайын елдің шарықтап дамып жатқанын көріп, қуанамыз, мақтан тұтамыз.


Бөлісу