М.Сейітова атындағы дикторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды
Қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітованың есімі ұлықталып, оның атындағы дикторлар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сайысқа 17 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, жазушы Ғабиден Құлахметтің шығармаларынан екі минуттық үзінді оқыған. Жас дикторлар қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орнының студенттері, сондай-ақ түрлі сала мамандары бар. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай жүлделер табысталды. Байқау «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған. Мақсат – қазақтың көркем сөзін насихаттап, дикторлық өнерге қызығатын жастарға мүмкіндік беру. Үміткерлер Ғабиден Құлахметтің шығармашылығынан өздері таңдаған үзіндіні оқып, аудиожазбасын және қысқаша өмірбаянын жолдаған. Байқауға барлығы 36 жұмыс түскен. Оның бесеуі жас ерекшелігіне қойылған талапқа сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. Қалған қатысушылардың жұмысы сараланып, дауыс мәнері, тіл анықтығы, мәтінді жеткізу шеберлігі мен көркем оқу қабілеті бағаланған.
Қазақ руханиятының көшбасында тұрған Мина Сейітова сияқты апаларымызға құрмет көрсетіп, байқауға қатысып, өздерінің дауыстарын жазып отырды. Көп рақмет! Бұл – қазақ өнеріне деген құрмет. Бұл – қазақ поэзиясына, қазақ көркемсөзіне, қазақ тіліне деген құрмет.
«Бөрі бауыр дүние» әңгімесінен «Ата бөрі» деген бір үзіндіні алдым. Соны оқыдым. Бәйге болғаннан кейін мықтылар көп болады ғой. Мен үшін қатысудың өзі, сынап көру мақсат болды. Бас жүлде алу емес.