Басты Жаңалықтар Президент: Қазақстан Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес

Президент: Қазақстан Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес

Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа институт. Мемлекет басшысы бүгін Кеңестің алғашқы сессиясында осылай деп, оның алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады. Президент Халық Кеңесі Құрылтайдың орнын баспайтынын нақты айтты. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін мәселелермен айналыспайды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрылым Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай қалыптастырған дәстүр мен тәжірибені жалғастыруы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар тіл мәселесіне де тоқталып, ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін тағы бір мәрте еске салды. Халық кеңесінің басты мақсаты қандай? Елімізде таяуда тағы қандай сайлау өткізілмек? Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Тәуелсіздік сарайында бүгін абыр-сабыр. Әр өңірден келген, әр саланың өкілдері келелі кеңесте бас қосты. Кешелі бері күн тәртібіне түрлі мәселелер көтеріліп, талқылаулар қыза түсті.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Қоғамдық мәселені ортаға салып, көппен кеңесу – елдік дәстүрдің бір көрінісі. Енді осы диалог жаңа алаңда жалғасады. Қазақстан Халық Кеңесі  халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Бұл билік пен бұқара арасындағы пікір алмасудың жаңа тетігі болмақ. Президент бүгін Кеңестің негізгі міндеттерін айқындады.

Заманның тұрпаты да, талабы да өзгеріп отырады. Осылай деген Президент сөз басында реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетпегенін ашып айтты. Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі. Президент оны еліміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын бірегей институт екенін атап өтті. Дегенмен Халық кеңесі Құрылтайға балама емес екенін шегелеп айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды.  Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.

Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық болады

Кеңеске 126 белсенді мүше болды. Иә ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті. Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деді Президент. Ассамблея тарих қойнауына кеткенімен оның мұрасы мен миссиясы жалғасын табады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады. Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз.

Абдулла Исматуллаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

Әр ұлттан бүкілі қойылып, солардың талап-тілектерін тыңдап отыруы мемлекеттің өте дұрыс саясаты деп ойлаймын. Әділетті Қазақстанның негізінде жасалып жатқан жұмыстардың бірі осы деп ойлаймын. Өте үлкен мүмкіндік.

Бұрын сенатқа квотамен Ассамблеяның 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кіріп отыр. Президенттің пікірінше Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтты ұйыстыратын негізгі фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды.Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі.

Халық Кеңесі аймақтармен тығыз жұмыс істеуі керек

Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау. Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз.

Рауан Кенжехан, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

Әр жердегі біздің ерекшеліктер әртүрлі. 20 өңірдің 20 түрлі жағдайы бар. Соның барлығын терең ескеру үшін оларды нақты шешімдерге, нақты заң жобаларына басқа да мемлекет деңгейінде қабылдануы тиіс шешімдерге негіз дайындайтын халық кеңесі болмақшы.

Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Қазір елімізде бұл бойынша біртұтас жүйесі жоқ. Халық Кеңесі оны ретке келтіруге атсалысуы керек. Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары қажет деді Президент. Бұдан бөлек таяуда қазақстандықтар тағы да сайлауға барып, дауыс бермек. Аманаттың Әділет партиясына бірігуіне байланысты заң тұрғысынан сұрақ көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді.

Қазақстан Халық Кеңесі – инновациялық институт

Президент өскелең ұрпаққа арналған қоғамдық кеңістіктерді көбейту қажет екенін айтты. Бұл бағыт Халық Кеңесінің күн тәртібіне енгізілуі мүмкін. Осы ретте кеңес мүшелері әлеуметтік мәселелерге қатысты бастамаларға араласуға дайын екенін айтады.

Наталья Дементьева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:

Халықтың әл-ауқатын жақсарту жағдайында әйелдің көзқарасы мүлде бөлек. Ол детальмен қарайды, жеке қарайды. Сондықтан менің ойымша Қазақстан Халық Кеңесіне әйелдердің пайызы мүмкін бұдан да артық болуы мүмкін. Бірақ уақыт көрсетеді. Біз де соны жұмысымызбен дәлелдеуіміз керек.

«Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидатын орнықтыру да кеңеске жүктелген міндеттің бірі. Президент тазалықты ұлттық брендке айналдыру міндетін қойып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз.Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды. Адам мен табиғат – егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек. Тағы да атап өткім келеді: қалалардың сәулеті мен көркінен халқымыздың мәдениеті, бойындағы қадір-қасиеті және құндылықтары көрініс табады. Еліміздің таза, тартымды болғаны ең алдымен азаматтарымыздың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондай-ақ бұл – экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды фактор.

Президент Кеңес мүшелеріне халықпен тұрақты байланыста болу міндетін қойды. Қоғамдағы күрделі мәселелер ашық айтылып, онымен бірге шешу жолдары да ұсынылуы тиіс. Халық Кеңесінің алдағы жұмысына қойылар басты өлшем де осы болмақ.


Бөлісу