БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Трамп Иранға қатаң ескерту жасады
Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы жалғасып жатыр. Оған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация да қатысады. Жаһандық жиынның бірінші күні кімдер сөз сөйледі және бүгін қандай елдердің жетекшілері мінберге шығады? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы жалғасып жатыр. Жаһандық жиынның ашылу рәсімінде Бас хатшы Антониу Гуттериш осы қызметінде соңғы рет сөз сөйлеп, жасанды интеллектінің дамуын шектеп, соғыстарды тоқтатып, климаттың өзгеруіне көбірек мән беріп, БҰҰ-ның өзін реформалауға шақырды. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп кезек бойынша екінші болып мінберге шығып, Иранға қатаң ескерту жасады.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
Мен үлкен бір шешім қабылдауым керек. Иранды ұлы мемлекетке айналдыратын келісім жасала ма? Болмаса Ислам Республикасын тез арада жоя аламын.
Дегенмен, сессия аясында АҚШ пен Иран өкілдері маусымнан бері, яғни екі жақ арасындағы ымыра бұзылғалы, алғаш рет кездескені туралы мәлімет түсіп отыр. Алайда, келіссөздер елеулі жетістікпен аяқталмаған.
Бас Ассамблеяға оралсақ, онда Франция президенті Газадағы жағдайды «масқара» деп сипаттаса, британ премьері елінің жасанды интеллектіні бір стандартқа келтіру жолында әлемде жетекші рөл ойнауға дайын екенін атап өтті. Ал Түрік Республикасының лидері Ресей-Украина соғысы егемендік пен аумақтық тұтастықты сақтау шарттарымен аяқталатынына үміт білдірді. Мінберден Жапония премьері де ұсыныс айтты.
Санаэ Такаичи, Жапония премьер-министрі:
Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі өзге елге басқыншылық жасады. Сондықтан бұл орган дереу реформалануы керек. Әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға тиіс Қауіпсіздік кеңесі бүгінгі замандағы халықаралық қауымдастықтың талаптарына сай қызмет етуге тиіс.
Сессияның екінші күні Иран президенті Масуд Пезешкиан, Венесуэланың уақытша жетекшісі және Украина басшысы мінберге шығады. Владимир Зеленский еліндегі соғысқа нүкте қою үшін АҚШ-пен, Ресеймен үшжақты келіссөз жүргізуге дайын екенін хабарлап үлгерді.
Тағы бір
айта кететін жайт – сәрсенбінің кешінде АҚШ-қа үшкүндік мемлекеттік сапармен
Қытай төрағасы Си Цзиньпин барады. Халықтық Республика президентін Трамп Ақ
үйде тоспай, әуежайға өзі барып күтіп алайын деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы