Жеті жылда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер еселеп өсті
Пандемия, инфляция, логистикалық тізбектің бұзылуы және геосаяси тұрақсыздық. Касым-Жомарт Тоқаев президент болған жеті жыл әлемдік экономиканың тұралаған кезеңімен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, осы уақыт аралығында бірқатар негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер еселеп өсті. Негізгі көрсеткіштерді әріптесім ретімен жеткізеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы алдымен экономика, содан соң саясат стратегиясын ұстанды. Соңғы жылдары бұл қағида түбегейлі өзгеріп, жаңа басымдықтар пайда болды. Оған халықаралық геосаясаттың ушығуы, жаһандық экономиканың тұралауы түрткі болды, мәжбүрледі.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Біріншіден, саяси реформалар, саясаттағы өзгерістер, яғни бұл жалпы институционалдық деңгейде өзгерді. Бізде саяси шешімдердің қабылдануы, міне, осының барлығы түптеп келгенде экономиканың өзгеруіне тікелей әсер етті. Жеті жылдық көрсеткіштер оған нақты мысал болады.
Жеті жылда сыртқы қарыз 51 ден 35 миллиард долларға дейін азайды. 27 миллиардтан сәл асқан халықаралық резервтер 67 миллиардқа жуықтады. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 715 мыңнан 1 млн 665 мыңға дейін 2,3 есе өсті.
Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, шикізат экспортына тәуелділік азайып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында сауда, құрылыс және көлік-логистика салалары да елеулі үлес қосты.
Бақытгүл Қамбар, Экономикалық зерттеулер институты тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылықтың директоры:
Көп жылдардан бері қазба өнеркәсібінің есебінен және шикізаттың есебінен еліміздің экономикасы дамып келе жатқанын білеміз. Алайда соңғы 7 жылдағы айтарлықтай алға жылжу – ол өңдеуші өнеркәсіптің дамуынан. 12 пайыздан асты. Бұл нені көрсетеді? Бұл елдегі технологияның жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.
Экономикалық өсіммен қатар әлеуметтік сала, білім, денсаулық пен балаларға бағытталған қолдау күшейді. Ең маңыздысы – экономикалық өсімнің нәтижелері біртіндеп халық игілігіне бағыттала бастады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы