Халық Кеңесінің Төрағасы сайланды
Халық Кеңесінің Төрағасы сайланды. Бүгін Астанада жаңадан құрылған Конституциялық органның алғашқы сессиясы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы қатысып, төрағалыққа үміткерді ұсынды. Сондай-ақ Кеңестің әр мүшесіне зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Президент олардың ел игілігі жолында еңбек етіп, мемлекеттілікті нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.
Халық Кеңесі. Ел тарихында алғаш рет сан түрлі саланың өкілдерін бір арнаға тоғыстырған пәрменді алаң. Алғашқы сессия отырысына Мемлекет басшысы арнайы қатысты.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Тарихи сәт. Ел жылнамасында алғаш рет құрылған Халық Кеңесінің бірінші төрағасы сайланып отыр. Ол лауазымды қызметке Мемлекет басшысы белгілі саясаткер Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынып отыр.
Халық Кеңесінің Төрағасы – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Президенттің сөзінше, таңдау кезінде үміткердің бұқара мен билік арасында дәнекер бола алатын қарым-қабілеті ескерілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ.
Осыдан кейін арнайы санақ комиссиясы құрылып, кеңес мүшелері жасырын дауыс берді. Жиынға қатысқандардың барлығы дерлік Қошановқа қолдау білдірді. Тек бір адам қалыс қалған.
Жалпы Халық Кеңесінің құрамына 126 адам еніп отыр. Азаматтық сектордың, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық кеңестердің және өңір мәслихаттарының өкілдері бір жалпыұлттық диалог алаңына біріктіріліп отыр.
Аманжол Әлтай, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
Қара ошақтың үш бұты тең болса қазан қисаймайды ғой. Яғни Құрылтай, атқарушы билік Үкімет және Халық Кеңесі бір-бірімен үлкен нәтижелі жұмыс істейді деп есептеймін.
Уәлихан Болатбек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
Ел мен жалпы билікті байланыстыратын үлкен алаң ретінде жұмысты жүргізетін боламыз. Соның ішінде негізгі жастардың мәселесі, ауылдың мәселесі, халықтың тұрмыстық мәселелерін көтеру, жастардың кәсіпкерлігін дамыту секілді мәселелерді Халық Кеңесі аясында көтеру негізгі жоспарымда бар.
Халық Кеңесіне бірқатар өкілеттік берілген. Ол Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады. Жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы. Қоғамдық бақылау жүргізуге де өкілетті. Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы ертең де жалғасады. Президент ол отырысқа да қатысып, ауқымды міндеттерге кеңірек тоқталмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы