Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту тәжіріибесі жоғары бағаланды
Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы бастамалары халықаралық деңгейде қолдауға ие. Бұл жайлы Вашингтонда өткен арнайы жиында АҚШ конгрессмендері мәлімдеді.
Карнеги қоры мен Стратегиялық тәуекелдер жөніндегі кеңес ұйымдастырған кездесуде Семей ядролық полигонын жабу және Қазақстан мен АҚШ бірлесіп жүзеге асырған «Сапфир» операциясы талқыланды. Аталған операция аясында шамамен 25 ядролық қару жасауға жететін жоғары байытылған уран қоры қауіпсіз жерге жеткізілген. Жиынға Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов, Конгресс мүшелері Дина Тайтус пен Билл Фостер және ядролық қауіпсіздік саласының сарапшылары қатысты. Олар қазіргі геосаяси ахуал күрделенген тұста Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ елімізде МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкін орналастыру тәжірибесі мен халықаралық диалогты дамытуға бағытталған бастамалары сөз болды.
Дина Тайтус, АҚШ Конгресінің өкілі:
Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы еңбегін жоғары бағалаймыз. Нанн–Лугар бағдарламасы мен «Сапфир» жобасын, және Қазақстанның Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға үлес қосуын аса маңызды тарихи шешім деп атар едім. АҚШ дәл осы келісімнің хаттамасына қол қойғалы біраз болды. Енді Сенат бірауыздан ратификацияласа деп отырмыз. Қазақстанның тәжірибесі халықаралық ынтымақтастық пен халықтар арасындағы байланыстың нақты нәтиже беретінін көрсетті. Бұл жайлы ұрпақтарымыз хабардар болып жүруі керек.
Билл Фостер, АҚШ Конгресінің өкілі:
Қазақстан әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, дипломатия мен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген жолды таңдады. Қазақстанның бұл шешімі әлемдік қауымдастықтың зор ризашылығына ие болды. Осы тарихи үдерісте сенімді серіктес бола алғанымызға бек қуаныштымын. Астананың ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселелеріндегі белсенді ұстанымы, сондай-ақ осы бағыттағы халықаралық диалогты ілгерілетуі де қуантады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы