Хирург тамырды сақтап қалатын тың әдіс ойлап тапты
Оралда варикоз дертін, яғни аяқтағы ісінген қан тамырды кеспей, сақтап қалатын емдеу әдісін тапқан хирург тұрады. Өйткені, қан тамыры жүрек, бауырға ота жасаЛғанда аса қажет. Хирургтың тың әдісін үйренуге Жапония, Өзбекстаннан ғалым-дәрігерлер арнайы келді. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында құрметке бөленген хирургияның хас шебері жайлы келесі бейнематералда.
Балқия Бекқұлованың аяқ қан тамыры 40 жыл білеуленіп, ісіп жүрген. Соңғы кездері мазасын қашырған дерттен құтылмақ болып, дәрігерге көрінген. Ота сәтті өтті. Әдетте мұндай операциядан кейін науқастар екі апта аяғын баса алмай, ауырсынып жүреді. Ал Бағила апай бірден тұрып, үйіне кеткен.
Балқия Бекқұлова, қала тұрғыны:
Бір жара тап болды аяғыма. Қорқа-қорқа келдім. Онымен, ештеңе болған жоқ. Ауырған да жоқ, дым болған жоқ. Тіпті операция болмаған сияқты. Одан кейін жүрмеу керек қой. Ал мен сол күні таксиге мініп, үйге барып, жүріп кеттім. Бұған балалар да таңғалып жатыр. Алғысым шексіз.
Командаммен елде бірінші болып, стандарттық емнен бас тартып, адамға қалай бұдан да жақсы көмек көрсетуге болады деп, соны ойластырдық.
Жанайдар Қазтуғанов Балқия апайға тың әдіспен ота жасап, тамырын сақтап қалды. Медицина тілінде операция атаулары CHIVA, ASVAL және CLaCS терапия болып бөлінеді. Негізі әлемде осыған ұқсас әдісті алғаш француз ғалымдары қолданып көрген. Ал біздің елде дәл сол уақытта Жанайдар Қазтуғанов алғаш рет өз бетімен ізденіп, ота жасап, талай науқас дертінен құлантаза айыққан.
Жанайдар Қазтуғанов, тамыр хирургі, флеболог:
Үш әдісті Қазақстанда, Орта Азияда бірінші болып енгіздім. Ауру тамырды лазермен күйдірмей, жұлмай, соны орнына алып келетін гемодинамикалық, физиологиялық операцияларды биыл Астанада өткен форумда жарияладым. Парижде тұратын дәрігерге жұмысымды көрсеттім 4-5 жылдық. Ол кісі «Сізге тек баяндама жасау керек» деді. «Мен сізге ештеңе үйрете алмаймын» деді. Мықты хирургтің арсеналында бір емес, бірнеше әдіс болуы керек.
Астанада өткен форумда жапондық ғалым қазақ хирургының тың әдісіне қызығып, тәжірибе алмасуға бекінеді. Бүгін сол флеболог пен Өзбекстаннан және еліміздің басқа аймақтарынан келген ғалым, дәрігерлер халықаралық конференцияда басқосты.
Такахиро Имай, флеболог, профессор, PhD:
Оралға тамыр хирургі Жанайдар Қазтуғановтан шеберлік сабағын алу үшін арнайы келдім. Бізде, Жапонияда ASVAL әдісі өте сирек қолданылады. Сондықтан дәрігердің тамырды сақтап қалатын үш әдісін де үйренбекшімін. Жалпы Қазақстанда жоғары деңгейлі, білікті дәрігерлер көп екеніне көзім жетті. Екі ел арасындағы тәжірибе алмасу жалғаса беруіне тілекшімін.
Шебер маман кәсіби өмірінің 30 жылын хирургия саласына, соның ішінде жүрек, қан тамыр жүйесіне арнаған. Ұзақ жыл кардиоорталықта еңбек етті. Ол тамырды ғана емес, құрылыста жоғарыдан қаңылтыр шатыр құлап, кесіп кеткен бір баланың аяғын да сақтап қалды. Жастарға да айтары бар.
Жанайдар Қазтуғанов, тамыр хирургі, флеболог:
Бірнеше кезең операция жасап, баланың аяғын сақтап қалдық. Барған кезде баланың жағдайы өте ауыр болды. Ондай экстренный, шұғыл жағдайлар көп болды. Жас мамандарға айтарым, кітапты көп оқу керек. Ізденіс керек. Басты қасиет – адамгершілік болу керек. Нағыз кәсіби дәрігер ауыр науқастардың қасында тұруы керек, телефонда, желіде отырмауы керек, сол менің принциптерім.
Майталман маманның елдің әр өңірінде шәкірттері де бар. Олар да көзге көрінбейтін мың тарау қан тамырын иненің ұшымен жалғап, асқан дәлдікпен, зергерлік шеберлікпен ота жасауды ұстаздарынан үйреніп жүр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы