Басты Жаңалықтар Үкіметте жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту шаралары талқыланып жатыр

Үкіметте жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту шаралары талқыланып жатыр

Үкімет үйінде жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып жатыр. Жиын барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігіне қатысты мәселелер қаралады. Қазір Үкімет отырысына әріптесім Оңғар Алпысбайұлы да қатысып отыр. Соңғы уақытта жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілген еді. Осы өзгерістердің қандай нәтиже бергені және алдағы уақытта қандай шаралар қабылданатынын әріптесіміз айтып берсін.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Отырыс жаңа ғана басталды. Бүгінгі талқылау өзекті. Өйткені жолдағы қауіпсіздік мәселесінің әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5 пайызға азайған. Дегенмен алты айда 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соңғы айларда жүргізушілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қатысты бірқатар талап күшейді. Мәселен, 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынды. Веложол болса, самокат сол жолмен жүруі керек. Жолдың жүру бөлігінде самокатпен тек 18 жастан асқан, тиісті жүргізуші куәлігі бар және шлем таққан адам ғана жүре алады. Ал 1 шілдеден бастап кикшеринг самокаттарын мемлекеттік тіркеу және оларды тек жүргізуші куәлігі бар азаматтарға беру талаптары енгізілді. Бұдан бөлек, шілдеден бастап еліміздің тағы бірнеше автожол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау іске қосылды. Енді осы және басқа да шаралардың жолдағы қауіпсіздікке әсері бүгінгі Үкімет отырысында талқыланбақ. Алдағы шығарылымдарда толықтырып айтамын.
Бөлісу