Басты Жаңалықтар Абай облысында ЖИ-ді қолдану жиіледі

Абай облысында ЖИ-ді қолдану жиіледі

Абай облысында жақын арада жасанды интеллект, смарт-бақылау жүйелері мен цифрлық технологиялар экономиканың, білім мен қауіпсіздіктің түрлі саласына жаппай енгізілмек. Өйткені өңірде цифрлық трансформация картасы әзірленіп, ақылды қалаларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған стратегиясы әзірленді. Оған қоса «Цифрландыру жылы» жарияланып, GovTech саласындағы озық жобаларға 30 миллион теңге бөлінген. Бұл бастамалар қазірдің өзінде нәтиже бере бастады.

Биылғы шомылу маусымында Алакөлде жасанды интеллект қауіпсіздік құралына айналды. Туристік аймаққа ЖИ элементтері бар 200-ден астам бейнебақылау  қойылған. Суда рұқсат етілмеген аймаққа өткендер, жағалаудан алшақтағандар болса, ақылды жүйе дабыл қағады. Аумақты тәулік бойы бақылап, қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Ықтимал қауіптердің алдын алады.

Абзал Серікұлы, облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

Тепловизиялық камералар дейміз ғой, адамның температурасымен барлығын анықтайды. Сол жердегі қауіпсіздікті бізге қадағалауға зор мүмкіндік берді. Адамның бет әлпеті арқылы тану функциясы қосылған. Ол жерде жасанды интеллект. Біз әлі де оқытып жатырмыз.

Тағы бір мысал, е-joldar цифрлық платформасы. Жолдардың жағдайы, құрылыс пен жөндеу, қолданылатын материалдар, зертханалық тексерістер және мердігерлер туралы ақпарат бір жерге жинақталған. Жүйе арқылы жол сапасын бақылау күшейіп, өңірде жұмыстың ашықтығы артқан. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» зертханаларында, облыс жолдарында қолданылатын материалдарға адам емес, жасанды интеллект сараптама жасайды.

Мейіржан Бауыржанұлы, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының директоры:

Камералық бақылау, өңдеу жұмысы 4 күнді бұрын алатын болса, қазір ол 4 сағатқа дейін қысқарған. Яғни сегіз есе артығымен жұмыс істейді. Жөндеу түрлерін жасанды интеллект көмегімен таңдай аламыз. Жылжымалы жол зертханамыз артындағы камералары арқылы жолдың ақауын өзі таниды.

Технологиямен қатар адами капиталды да дамыту үшін Семейде  ЖИ мектебі  ашылды. Мұнда түрлі мамандар жасанды интеллектіні өз саласында қолдануды игеріп жатыр.

Мақсат Жетенбаев, ЖИ мектебінің оқытушысы:

Ең бастысы - бұл жерде жасанды интеллектіні қолдауды үйретеміз. Мұғалімдер, дәрігер, музыкант, кәсіпкер. Әр саланың мамандары келіп жатыр. Қазір 50 адам іріктеліп алынған. Қызығушылық өте жоғары. Кәсібін дамытуға, білімін тиімді пайдалануға, уақыт үнемдеп, табысын арттыруға бағыттаймыз.

Цифрлық инфрақұрылымды  даму үшін облыстағы 178 шалғай елді мекенге жоғары жылдамдықтағы байланыс желісі тартылуда. Алда «Ақылды қалалар» стратегиясын жүзеге асыруда жоспар ауқымды. Облыс орталығынан 70 мың тұрғынға арналған заманауи қалашық құрылысы басталды.  «Семей-Smart City» бірер жылда цифрандыру мен жасанды интеллект жан-жақты енгізілген әкімшілік-іскерлік орталыққа айналмақ. 


Бөлісу