Басты Жаңалықтар Абай облысында ет экспортына ден қоя бастады

Абай облысында ет экспортына ден қоя бастады

Абай облысында ет экспортына ден қойған шаруашылықтар көбейіп келеді. Өңірде жыл соңына дейін 121 мың тонна ет өндіру жоспарланған. Қазір етке Қытай, Өзбекстан мен Тәжікстаннан сұраныс артып отыр. Оны өтеу үшін өңір шаруалары бордақылау алаңдарын ұлғайта бастады.

Мәулітбек Қалиев 20 жыл бұрын құрған шаруашылығында 35 ірі қарамен іс бастаған. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде қазір мыңға жуық жылқы өргізіп, 3 мыңға дейін ірі қара бордақылайды. Биыл тіпті 5 мың басқа дейін жемдеуге болатын қоражай салды.

Мәулітбек Қалиев, шаруа қожалық жетекшісі:

Экспортқа бағыттап отырмыз. Іргемізде Қытай бар. Көршіміз ғой. Оған да сұраныс көп. Орталық Азияда да сұраным көп. Тәжікстан, Әзірбайжан сұрап жатыр. Өзбекстанға өткіземіз ба деген ойымыз бар. Сол мемлекеттің қолдауымен осындай, бүгінгі күнде үлкен шаруашылыққа айналған себебі сол.

Егер жоспар іске асса ірі қара санын 20 мыңға жеткізу ойда бар, дейді шаруашылық басшысы. Өйткені экспорттан бөлек Семейде жақында ірі ет комбинаты іске қосылады. Қазір кәсіпорынға қажетті алғашқы шикізатты дайындауға кіріскен.

Нұрлыбек Көкек, шаруашылық меңгерушісі:

Ұлғайтып жатырмыз. Алла қаласа, 5 мың басқа дейін шығарсақ па деп басшымыз жоспар қойып отыр алдыға. Соған жұмыс жасап жатырмыз. Қамбаның барлығын толтырып жатырмыз жем-шөпке.

Облыста жыл басынан бері бордақылау алаңдары 24 мың тоннаға жуық ет өндірген. Шаруалар мемлекеттің қолдауын да айқын сезініп келеді. Биыл мал басына берілетін субсидия көлемі артқан.

Айдын Қалиханов, Үржар аудандық а/ш бөлімінің сектор меңгерушісі:

Осыған дейін 150 мың теңге болса бір бас ірі қараға, биылғы жыды 260 мыңға көтерілген бағасы. Сүтті бағыттағы ірі қара малдарына бұрын 200 мың болса, қазіргі таңда 350 мыңға дейін бекітілген бағасы.

Биыл жарты жылда еліміз шетелге 8 мың тоннаға сиыр етін шығарып, экспорттық түсім 56,7 млн АҚШ долларын құраған. Үлес салмағы жағынан басты тұтынушы Өзбекстан мемлекеті болып отыр.


Бөлісу