Басты Жаңалықтар Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Қазақстанда 8 мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшісі ресми жұмысын бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін дипломаттардан сенім грамоталарын қабылдады. Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты рәсімге Мысыр Араб Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Эстония, Оман Сұлтандығы, Мажарстан, Гвинея-Бисау, Нигерия мен Дания Корольдігінің елшілері қатысты. Мемлекет басшысы елшілерге ілтипат білдіріп, еліміздің сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін – шын мәнінде елдеріңіздің өкілі ретінде Сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президент резиденциясының Сіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз.


Бөлісу