«Жасмин мен Балу» фильмі көрерменге жол тартты
«Жасмин мен Балу». Алматыда кезекті отандық фильмнің жабық көрсетілімі өтті. «Moonlight Pictures» продюсерлік компаниясы ұсынған жаңа драма күтпеген кездесудің адам өмірін өзгертер тылсым күшін баяндайды. Шытырманға толы, ерекше достық хикаясын бүгіннен бастап кинотеатрлардан тамашалауға болады.
Көрермендердің назарын аударған байкерлер шеруі. Экстремалды элементтерге толы отты шоу. Ерекше қойылымдар кештің сәнін келтіріп, фильмнің премьера алдындағы атмосферасын қыздыра түсті.
Кинокартина желісі полициядан қашып жүрген байкер Балу мен ауыр дертке шалдыққан Жасминнің кездейсоқ кездесуінен өрбиді. Ауруханаға жасырын кірген жігіт қаршадай қыздан көмек сұрауға мәжбүр. Осылайша бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі жанның тағдыры бір арнада тоғысады.
Олжас Әлжанов, актер:
Ер мінезді, байкер жігіт болғанымен, кішкентай қыздың байкерге айтары көп. Үйрететіні көп. Шынайы, батыл болуға ой салатын керемет фильмнің бірі деп ойлаймын.
Тағдырдың қиындығына мойымайтын, әр сәтін бағалай білетін Жасмин мен жауапкершіліктен қашатын Балу. Бұл тосын жүздесу екі кейіпкердің де өмірін түбегейлі өзгертеді. Шынайы оқиға желісінде түсірілген фильм арқылы авторлар мейірімділік пен достықтың шынайы мәнін ұғындырады.
Алена Алмаз, фильмнің режиссері:
Бізде өте ұзақ уақытқа созылған түсірілім күндері болды. Басты рөлді кішкентай ғана актрисамыз ойнайтындықтан, кейде шаршайтын. Десе де өзінің кейіпкерін жақсы алып шықты. Жүрекке жылы тиер оқиғаны бейнелейтін драмамыз көрермендеріміздің көңілінен шығады деп ойлаймыз.
«Жасмин мен Балу» фильмін таныстыру шарасында көрермендер шығармашылық топпен кездесіп, түсірілім барысы туралы сұрады. Қос кейіпкердің қызықты тағдырын баяндайтын әсерлі хикаяны кинотеатрлардан тамашалауға болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы