Мемлекет басшысы Кореядағы қазақ этноауылына барды
Саммит алдында Мемлекет басшысы Сеул төрінде бой көтерген қазақ этноауылына арнайы барды. Сондай-ақ Кореядағы жерлестерімізбен де жүздесті.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сеул төрі. Аспанмен таласқан зәулім үйлердің ортасында қазақтың ауылы бой көтерді. Ақшаңқан киіз үй тігілді. Құмай тазы байланып, ұлттық киім мен қолөнер жауһарлары көпшілік назарына ұсынылды. Заманауи мегаполистің қақ ортасындағы этно ауыл ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді паш етеді.
Ханган саябағы. Дрондар екі елдің туын әуеге көтеріп, «Қазақстан мен Корея – жарқын келешек жолында» деген жазуы бар алып әуе шары аспанға көтерілді. Таңғы шық елінің ерекше құрметінің көрінісі. Осы сәтте алып батырлар күзеткен этноауыл төріне келіссөзден кейін ат басын бұрған Мемлекет басшысы мен Корея Парламентінің спикері келді. Чо Чжон Шик бірден қазақ тазысына қызығушылық танытты. Меймандарға халқымыз қадір-қасиет тұтқан жеті қазына мұрасы таныстырылды. Алтыбақан тепкен арулар елдер достығының көркем көрінісіндей. Меймандар мергендер шеберлігіне де таңданысын жасырмады.
Жанай Құрманғали, садақшы:
Жалпы, Президентіміздің алдында осылай садақ атып көрсетемін деп ойламадым, күтпедім. Басында уайымдадым, қобалжыдым, өзімнің сенімімнің арқасында жақсы тигіземін деп ойладым.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мінекей, Мемлекет басшысы мен Корея Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Чо Чжон Шик бишілердің өнерін тамашалап жатыр. Бұл - қазақ-корей достығын бейнелейтін қойылым.
Кореяда талай қазақ баласы білім алып жүр. Түрлі салада еңбек етіп жүргендері де баршылық. Президентпен арнайы жүздесу үшін әр аймақтан келген отандастарымызбен Қасым-Жомарт Тоқаев емен-жарқын әңгімелесті.
Ұланбек Әуезхан, Қазақстан азаматы:
Көріп отқаныңыздай, барлық жас өте өзекті алаңда. Жасанды интеллект, биотехнология, инжиниринг - барлық салада мықты отандастарымыз екі елдің ортасында көпір болуға әрқашан дайын. Мұхит асып жүрсек те, еліміздегі барлық өзгерісті, әсіресе реформаны, Құрылтайды бақылап келеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа парламентті сайладық. 145 депутат болады. Олардың ішінде ұлты корей депутаттары да бар. Қазақша сөйлейді. Екі ел арасындағы достықты дамытамыз. Арамызда үлкен-үлкен жобалар бар. Оларды да жүзеге асырамыз. Білім деген ең құнды нәрсе. Осы жерде оқып жүрген жастар осы жерде оқып жүрсе, ешқандай күнә жоқ. Әрқашан да қазақ болып қаласыздар. Ең үлкен құндылық - тәлім, ілім. Сондықтан баршаңызға амандық тілеймін.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жерлестерімізге сәттілік тіледі. Естелікке суретке де түсті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы