Жігерлі жандар – көпке үлгі
Жігерлі жандар - көпке үлгі. Елімізде қай салада болмасын ерекше ерік-жігерімен, табандылығымен зор жетістікке жетіп жүрген жандар баршылық. Солардың бірі - ақтөбелік колледж оқытушысы Ғалымжан Ізімов. Ол шәкірт тәрбиесінде ел Президентінің «Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек» деген тұжырымын басшылыққа алу қажет дейді. Білім ордасы әр салада жетістікке жеткен, рухы биік азаматтарды шақырып, жастармен кездесулер ұйымдастыруды әдетке айналдырған.
Ғалымжан Ізімов - Республикалық кәсіби шеберлік байқауы жеңімпаздарының бірі. «Үздік арнайы пән оқытушысы» деген атағы да бар. Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, жастар тәрбиесінде бір сәтке де босаңсуға болмайды. Рухты, озық ойлы маман даярлау үшін білім беру саласындағы соңғы әдіс-тәсілдермен қоса ұлттық идеология мәселесін де естен шығармаған абзал. Ең бастысы - жастар арзан ойын-күлкіден, өміріне орынсыз шағым айтудан аулақ болуы қажет.
Ғалымжан Ізімов, колледж оқытушысы:
Әдебиет пен ғылымды, білімді ұштастыра алса, болашақ жақсы маман, болашақ ұлттың азаматы болады деп есептеймін. Президентіміз айтқандай, біз жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек, сондықтан біз білімді, ғылымды, жаңа технологияларды игеру арқылы жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстанды құрамыз деген ойымды айтқым келіп отыр.
Бұл – Ғалымжандай ұстаздан тәлім-тәрбие алып жүрген жастар. Төртеуі де сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданады. Бірі дзюдо мен ережесіз жекпе-жектен, енді бірі самбо мен еркін күрестен спорт шеберіне үміткер. Жігерлі жастар кез келген қиындықты тек қара күшпен емес, ақылмен, сабырмен жеңу керек дейді.
Бақтияр Санғалиев, еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер:
Біз қиындыққа мойымайтын, мақсаты айқын озық ойлы ұрпақ болуымыз керек. Менің ұраным – өткенді бағалап, бүгінгімен өмір сүріп және болашаққа батыл қадам басу.
«Қиындыққа мойымай, алға ұмтыл!». Мемлекет басшысының жастарға айтқан бұл Үндеуі Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі ұжымының тәрбие жұмысындағы басты ұранына айналған. Бүгінгі шара қонақтары да жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға, білім мен ғылымға ұмтылуға шақырды.
Ержан Өтеулиев, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының міндетін атқарушы:
Спортта, өнерде немесе әртүрлі салада, құқық саласында жетістікке жеткен мамандарды шақырып отырмыз. Себебі жастарымыз кездесуден кейін соларға қарап бой түзеп, берілген мағлұматтар бойынша керегін алсын деген мақсатта.
Мұндай келелі кездесулер апта сайын өтіп тұрады. Жастардың өздері де айтары мол жандармен жолығып, пікір алмасуға әрдайым ашық. Өйткені жетістікке жетпей қоймайтын, жақсылықты ғана ойлайтын азматтар - көпке үлгі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы