Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Кореядағы қазақ этноауылына барды

Мемлекет басшысы Кореядағы қазақ этноауылына барды

Президенттің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Сеул төрінде қазақ этноауылы ашылды. Ұлттық салт-дәстүріміз көрсетілген аумаққа Мемлекет басшысы мен Корея Парлментінің Спикері Чо Чжон Шик барды. Ханган саябағында орналасқан кешенде меймандарға халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрі, ұлттық сәндік-қолданбалы өнері, ән-күйі мен мәдени жәдігерлердің заманауи үлгілері таныстырылды. Сонымен қатар мұнда шеберлер қолынан шыққан дәстүрлі зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер мен киізден жасалған заттар көрмеге қойылған. Меймандарға ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен музыкалық бағдарлама ұсынылды. Этноауыл қазақ-корей қарым-қатынасының нығайып келе жатқанын және мәдени-гуманитарлық байланыстың айрықша рөлге ие екенін көрсетеді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы Кореяда оқып жатқан және еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен әңгімелесті. Президент отандастарымызбен жүздесуде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды. Кореядағы қазақстандықтар оқуда, қызметте қол жеткізген табыстарын тілге тиек етіп, мақсат-межелерін айтып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа парламентті сайладық. 145 депутат болады. Олардың ішінде ұлты корей депутаттар да бар. Қазақша сөйлейді. Екі ел арасындағы достықты дамытамыз. Арамызда үлкен-үлкен жобалар бар. Оларды да жүзеге асырамыз. Білім деген ең құнды нәрсе. Осы жерде оқып жүрген жастар осы жерде оқып жүрсе, ешқандай кінә жоқ. Әрқашан да қазақ болып қаласыздар. Ең үлкен құндылық – тәлім, ілім. Сондықтан баршаңызға амандық тілеймін.


Бөлісу