Басты Жаңалықтар Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2-5% жеңілдетілген ипотека беріледі

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2-5% жеңілдетілген ипотека беріледі

Биыл тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека беріледі. Осы мақсатта бюджеттен 175 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі мәлімдеді. Талап бойынша 2 пайыздық жеңілдетікке үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы адамдар өтінім бере алады. Олар: екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен соған теңестірілген ардагерлер, жетім балалар, көпбалалы аналар мен отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар және жесірлер. Ипотека алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 254 255 теңгеден аспауы керек. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 4 мыңға жуық азамат осы бағдарлама арқылы баспаналы болған. Сондай-ақ, қалған санаттағы азаматтарға табыс деңгейіне шектеу қойылмайтын 5 пайыздық ипотека қолжетімді. Ведомство өкілінің дерегінше, қазір елде баспанаға мұқтаж ретінде 1 миллионға таяу адам кезекке тұрған. Оның жартысына жуығы әлеуметтік осал топқа жататындар.

Бақытжан Жүнісбеков, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитет төрағасы:
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Биыл мұқтаж азаматтарды үймен қамтамасыз ету үшін 155,5 миллиард теңге беру жоспарланған. Сонымен қоса әкімдіктерге облигациялық қарыз беру арқылы 269 миллиард теңгеге пәтер салу және сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 71,9 миллиард теңгеге жалға берілетін тұрғын үй сатып алу қарастырылды.
Сонымен бірге жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй бөлуге қатысты өзгеріс енгізілді. Енді жергілікті бюджет есебінен салынған немесе сатып алынған баспананы бөлу мәселесін әкімдіктер қарайды. Министрлік өкілі пәтер жалдау субсидиясы қандай жағдайда тоқтатылатынын түсіндірді. Жалпы еліміщле табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына пәтер жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет өтейді. Оны алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс соңғы алты айда айына 50 851 теңгеден аспауға тиіс. Сондай-ақ бағдарлама бойынша жақын туыстарынан баспана жалдауға болмайды. Сонымен бірге субсидия алып отырған азамат жалға алған пәтерінде өзі тұруы керек. Әкімдік тексерген кезде, талап орындалмағаны анықталса төлем тоқтатылады. Бұдан бөлек «Отбасы банк» өкілі «Ұмай» бағдарламасына 855 өтінім қабылданғанын атап өтті. Бағдарламаны жүзеге асыруға қаражатты Азия даму банкі бөлгенін жеткізді.


Бөлісу