Атырауда садақ атудан Әлем кубогы өтіп жатыр
Атырауда дәстүрлі садақ атудан «Алтын Орда» әлем кубогы өтіп жатыр. Халықаралық додаға 18 елден және еліміздің әр өңірінен 200-ден астам мерген қатысуда. Ұлттық спортты ұлықтаған жарыс үш күнге жалғасады. Жүздеген садақшы бірнеше бағыт бойынша бақ сынап, мергендік шеберлігін көрсетеді.
Атыраудағы дүбірлі додаға әлемнің 18 елінен 100-ден астам спортшы келген. Оларға еліміздің өңірлерінен жиналған тағы 100-ден астам садақшы қосылды. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Болат Ақшолақов, облыс әкімі:
Атырау – «Алтын Орда» дәуірімен тікелей байланысты, терең әрі бай тарихы бар қасиетті мекен. Сондықтан дәстүрлі садақ ату бойынша әлем кубогының Атырауда «Алтын Орда» атауымен өтуінің ерекше символдық мәні бар.
Жарыстың алғашқы күнінде мергендер Пута нысанасы бойынша бақ сынады. Ерлер арасында қазақстандық Рүстем Аманғалиев пен Қырғызстан спортшысы Алмаз Джунусов үздіктер қатарынан көрінді. Ал әйелдер арасында отандасымыз Айкөркем Батихан мен қырғызстандық Чолпанай Умуркулова ақтық кезеңге өтті.
Алмаз Джунусов, садақшы:
Жалпы, қарсыластардың деңгейі өте жоғары. Себебі бұл спортшылармен басқа халықаралық турнирлерде де кездесіп жүрміз. Сондықтан мұндағы бәсеке өте мықты. Спортта кім мықты болса, сол жеңеді.
Соңғы жылдары дәстүрлі садақ атуға қызығушылық артып, ұлттық спорттың ауқымы кеңейіп келеді. Қазақстанда ғана емес, шетелде де бұл өнерге ден қойғандар көбейген. Атыраудағы әлем кубогы – соның бір дәлелі.
Виктория Энджел, садақшы:
Бізде де нысана көздеуге арналған спорт түрі бар. Бірақ дәстүрлі садақ атудың орны бөлек. Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазақстандық садақшылардың шеберлігіне тәнті болдым. Атыраудың қонақжай халқы мен жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны ерекше әсер қалдырды.
Үш күнге
жоспарланған әлем кубогында садақшылар Пута, Қалқан және Жамбы ату бағыттары
бойынша сынға түседі. Әр нысананың өз талабы, әр атылған жебенің өз есебі бар.
Жарыстың жалпы қорытындысы бүгін белгілі болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы