Басты Жаңалықтар Президент БРИКС саммитіне қатысты

Президент БРИКС саммитіне қатысты

Былтыр жаһан елдері әскери қақтығыстар мен жік-жікке бөлінудің салдарынан 22 трлн доллар зардап шекті. Мемлекет басшысы Үндістанда өткен БРИКС саммитіне қатысып, атом қаруы бар елдерді диалогқа үндеді. Президент БРИКС елдеріне жасанды интеллект бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырып, көлік-транзит әлеуетін арттырудың жолдарына тоқталды. Брикстің негізгі саммиті «Адамзат бәрінен маңызды» қағидатымен өтті.

БРИКС-тің беделі мен ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Оған мүше елдерде жер жүзіндегі халықтың жартысы, яғни 4 млрд адам тұрады. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы осы елдерге тиесілі. Ал әлемдік саудадағы үлесі 26 пайыз. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты. Қазақстан байланысты одан әрі тереңдетуге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлесе іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алар еді.

Күн тәртібінде экономикамен қатар саяси мәселелер де бар. Жер жүзінде жаппай жікке бөліну үдеп барады. Геосаяси ахуал теңіздей тербеліп тұр. Қарулану жарысы, ұйымдардың дәрменсіздігі мен сауда кедергілері соның нақ көрінісі. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Президенттің пікірінше БРИКС осындай алауыздықты азайту міндетін мойнына алуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет.

Жиыннан соң Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті. Мемлекет басшысы қазақ-үнді қарым-қатынасы көптеген бағытта қарқынды ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Нарендра Моди БРИКС саммитіне қатысқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар мен ұсыныстардың өзектілігіне назар аударды. Тараптар Үнді елі мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.


Бөлісу