Басты Жаңалықтар Жеңілдетілген ипотекаға сұраныс жоғары

Жеңілдетілген ипотекаға сұраныс жоғары

Елімізде жеңілдетілген ипотекаға сұраныс жоғары. Осы жылдың алғашқы алты айында банктерге 419 мыңнан астам өтінім түскен. Берілген ипотеканың жалпы көлемі 1,1 триллион теңгеге жетіп, бір жылда 12,4 пайызға өскен. Бұл өсімнің басым бөлігі «Отбасы банкке» тиесілі.

Елімізде соңғы жарты жыл ішінде рәсімделген ипотеканың 85 пайызы «Отбасы банкке» тиесілі. Ал қалғаны екінші деңгейлі банктер арқылы берілген. Мәселен, «Отбасы банкте» ипотекалық несие беру көлемі 32,8 пайызға артып, 916,7 миллиард теңгеге жеткен. Ал екінші деңгейлі банктердегі нарықтық ипотека көлемі керісінше 39 пайызға қысқарған. Осылайша, ипотека нарығындағы өсімге жеңілдетілген бағдарламалардың ықпалы жоғары болып отыр.

Иә, нарықтың сұранысқа қарай құбылып отыратыны түсінікті. Бір жыл ішінде жаңа үйлердің бағасы 15,5 пайызға, ал қайталама нарықтағы баспана 11,8 пайызға қымбаттаған. Қазақстанда ипотека рәсімдейтіндердің қарыз сомасы да ұлғайған. Қазір 20 миллион теңгеден жоғары ипотекалық займдардың үлесі 40 пайызға жеткен.

Алмат Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы:

Соңғы 6 айдағы 18 пайыздық базалық мөлшерлеме басым бөлік тұтынушыларды жеңілдетілген бағдарламалар, шамамен 10 пайыздық, тіпті одан да төмен пайызбен берілетін қарыздарға сұраныс артқан болатын. Басым бөлігі нарықтық қымбат ипотекадан гөрі, мемлекеттік бағдарламаларға жеңілдетілген бағдарламаға ауысып жатыр десе болады. Бұл арнайы нарықтағы әлсіздікті өзгерісті көрсетіп тұрған жоқ. 

Алмат Орақбай жақында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға түсіруі екінші деңгейлі банктер арасындағы өзара бәсекені күшейтуі мүмкін деп есептейді. Яғни, ипотекалық несие пайызы біршама төмендеуі ықтимал. Ал экономист Мақсат Халық баспана бағасы жыл сайын өссе де, мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алғандардың ұтылмайтынын алға тартады.

Мақсат Халық, экономист:

Бір статистиканы біз айқын байқадық. Неғұрлым азаматтар, әсіресе, «Отбасы банк» арқылы үй алып жатса, олар көбінесе өзін-өзі ақтайды. Қарап отырсақ, екі нарықта да кемі 5 пайыздық өсім болады жыл сайын, алды 10 пайыздық өсім орын алып жатады. Ірі қалаларда «Алматы жастары», «Астана жастары» деген бағдарламалар бар. Ол осы қалалардағы баспана бағасын түсірмейді, қымбаттатып тұрады.

Ал Алматының сейсмикалық аймақта орналасқанын ескерсек, жер үйлерге деген сұраныс та артқан. Алайда сұранысқа сай ұсыныс жеткіліксіз. Ал пәтердің қымбаттауы тікелей сырттан тасымалданатын тауарға байлаулы.

Диляра Сейітнұрова, Қазақстан құрылысшылар одағы алматы облысы филиалының орынбасары:

Жекеменшік үйлердің саны сатып алуы кем дегенде 20 пайызға өсті, Алматы қаласы, Алматы өңірі бойынша. Өйткені, сейсмикалық жағдайға байланысты. Пәтерлердің және құрылыс материалдарының да бағасы өсіп жатыр. Құрылыс материалдарда 65 пайыз көбінесе импорттық материалдар.

Баспанаға деген сұранысқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шекті сомадан асқан қаражатты қолданған азаматтар да әсер еткен. Мәселен, жарты жылдың ішінде қазақстандықтар 407 миллиард теңгеден астам зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59 пайызға көп. Айта кетейік, елімізде жыл сайын шамамен 200 мыңға жуық мәміле жасалады. Оның басым бөлігі ипотекалық несие арқылы рәсімделеді.


Бөлісу