Ұлттық қордың ақшасы қайтарымы бар жобаларға салынады
Үкімет алдағы үш жылда Ұлттық қордан 5 трлн теңге нысаналы трансферт алып, ауыл-аймақтағы әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын арттырмақ. Болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етуі керек қордың қаржысы тағы қайда жұмсалады?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Біз Ұлттық қорды «қиын-қыстау күнге сақталатын қаражат» деп түсінеміз. Расында, қордың негізгі міндеттерінің бірі – ел экономикасын сыртқы дағдарыстардан қорғап, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Алайда экономистердің айтуынша, Ұлттық қор тек «ақша сақтайтын сейф» емес. Оның жинақтау және тұрақтандыру сияқты маңызды функциялары бар.
Бүгінде Ұлттық қордың қаржылық жағдайы тұрақты. Активтер шамамен 37 трлн теңге, ал валюталық бөлігі 65 млрд доллар. Сарапшылар қазіргі оң динамика сақталса, валюталық активтер 3-4 жылда 70 млрд долларға жетуі мүмкін деп болжап отыр. Осыған байланысты алдағы жылдарға Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемі де қайта қаралып, келер үш жылда 5 трлн теңге қаражат алынбақ. Бірақ бұл ақша бюджет шығындарын жабуға емес, елге нақты пайда әкелетін жобаларға жұмсалмақ.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкі баспасөз хатшысы:
Салалар мен өңірлер бөлінісінде қаржыландырылатын жобаларды қатаң іріктеуге басымдық беріледі. Яғни, бағытталатын қаржы ел ішінде экономикалық айналымды жаңғыртып, аймақтарда салық түсімдерін көбейтуге сеп болуға тиіс. Әрине, ол үшін қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалатыны бақылануы керек. Бұл ретте цифрлық теңгенің де тетіктері қолданылады.
Қарапайым тілмен айтсақ, қаржы салынған жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, бизнестің дамуына ықпал етуі керек һәм өңірдегі салық түсімдерін көбейтуі тиіс. Мемлекет басшысы да қор ресурстарын тек ұзақмерзімді, қайтарымы бар стратегиялық жобаларға ғана жұмсау керектігін қадап айтқан еді. Одан бөлек, халық та қордың игілігін көруі қажет.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Осы күнге дейін салған мектептерімізді де, ауруханаларды да, үлкен нысандарды да Ұлттық қордан. Кейін біз соңғы бір 2015-тен бастап 10 жылда дейік, 2015 жылы теңгені ауыстырдық қой, айналымға жібердік, содан бері халықтың әлеуметтік бағдарламалардағы, яғни оқытушылар, дәрігерлер, мемлекеттік басқару, әскерлер, қауіпсіздікпен шұғылданатын, тәртіп сақтайтындар, әлеуметтік жәрдемге мұқтаждар, жұмыссыз, зейнеткерлерге жалақыларын төлейтін төлемдерді әр жылы 10 пайызға көтеріп жатырмыз. Осы негізінен Ұлттық қордың ақшасынан көтеріп жатырмыз десек болады.
Қазақстан – Ұлттық қорды ұзақ жылдар бойы жинақтап келе жатқан санаулы елдің бірі. Халықаралық тәжірибе қор қаражатының бір бөлігін елдің ішкі дамуына бағыттау қалыпты жағдай екенін көрсетеді. Мәселен, Норвегия қор қаражатының бір бөлігін бюджет шығындарына бағыттаса, Сингапур оның инвестициялық кірісін білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылымға жұмсайды. Ал Сауд Арабиясы егеменді қорды «Vision 2030» стратегиясы аясындағы ұлттық жобаларды қаржыландыруға пайдаланады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер әлеуметтік бағытқа жұмсалуда. Мәселен, қор есебінен ел бойынша жаңа форматтағы 200-ден астам жайлы мектеп салынды. Одан бөлек «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 млн-ға жуық баланың шотына ақша аударылған. Бұл да болашаққа жасалған жақсы инвестиция дейді мамандар. Демек, Ұлттық қордың қаражаты тек бүгінгі мәселені шешуге емес, елдің ертеңгі экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы