Басты Жаңалықтар Үшінші жел электр станциясының құрылысы басталады

Үшінші жел электр станциясының құрылысы басталады

Қазақстанда жаңартылған энергия көздерінің үлесі соңғы 5-6 жыл ішінде 4 есеге өсті. Мемлекет басшысының өзі халыққа арнаған жолдауында «Алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады», - деген еді. Қазір елімізде шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Ең ірі жел электр станцияларының бірі - Ақтөбе облысында.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мұнда дәл осындай 23 жел генераторы жұмыс істеп тұр. Әр қанатының ұзындығы 77 метрге дейін жетеді. Әрқайсысы сағатына 4,8 мегаватт тоқ өндіреді.

Бадамша-1 және Бадамша-2 жел электр станциялары Хромтау және Қарғалы аудандарының аумағында орналасқан. Қолданысқа берілгеніне көп бола қоймаса да, қазірдің өзінде өңірдегі негізі электр энергиясы көзінің біріне айналып үлгерді. Ауқымды жобаларды жүзеге асыруға 69 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға сеп болады.

Еркін Бақтияров, ауыл тұрғыны:

Жақында тағы Бадамша-2 ЖЭС салынды. Жұмыс істеп жатыр. Біраз халық жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта да жұмыс іске асып, халқымызға пайдасын тигізіп жатса үлкен мәртебе.

Жел турбогенераторлары жыл сайын 200 Гиговатт-сағатқа дейін электр қуатын өндіреді. Бұл жылына 37 000 жеке тұрғын үй тұтынатын энергияға тең. Ең бастысы - ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көлемі 173 мың тоннаға дейін азаяды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз жел электр станциясының басқару орталығында тұрмыз. Барлық мәліметтер осында жинақталады. Мәселен, мына компьютерден әр жел генераторының қазіргі уақытта қанша тоқ өндіріп жатқанын бірден көріп отыруға болады.

Өндірілген энергия таратушы компанияға беріледі. Ол өз кезегінде тоқты қажетті желілерге бөледі. Жуырда өңірде үшінші жел электр станциясының құрылысы басталуы тиіс. Қуаты 100 мегаваттық нысанды италиялық компания салады.

Нұрлыбек Өнербаев, Қарғалы ауданының әкімі:

Құжаттарды рәсімдеп болғаннан кейін олар жұмыстарды бастайды. Бұл жерде 300-ге жуық уақытша жұмыс орны болады. Ары қарай тұрақты жұмыс орындарын белгілейміз.

Президент жолдауында «Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет», - деген еді. Жаңа жобаны іске асыру үшін ауданға 50 млрд теңге шамасында қаржы құйылады. Қазіргі уақытта станция орналасатын жер белгілі. Жергілікті әкімдікпен келісім жасалған.

Бөлісу