Бүгін – Қазақы тазы күні
Ғарышкер. Димаш Құдайберген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сыйға алған тазысына осылай деп ат қойған. Әнші бұл туралы бүгін алғаш рет аталып өтіп жатқан Қазақы тазы күніне орай жазды. Иә, бүгін тұтас ел қазақ қазынаға балаған құмай тазының күнін атап өтіп жатыр.
Тазы - тазалықтың нышаны. Асыл әрі бекзада бітімді жануар. Қазақ оны түздің, аңшылықтың және серіліктің серігі ретінде бағалаған. Қыран бүркіт, жүйрік ат, құмай тазы, берен мылтық деп түгенделетін жігіттің бес қазынасында бекерден айтылмайды. Ит жақсысы болған тазыны тарихта да, бүгінде де қазақ қадірлеп отыр.
Аян Досыманов, саятшы:
Қазір өздерінің мерекесі бар. Өте мақтанамыз, өте керемет. Бәрін жасап жатыр.
Астананың Арбатында алғаш рет Қазақы тазы күніне
арналған арнайы іс-шара өтіп, ұлттық ит тұқымы көпшілікке таныстырылды. Іс-шара
барысында тұрғындар қазақы тазыларды тамашалап, олардың тарихы, аңшылық қабілеті
мен ерекшеліктері туралы білді. Саятшылар танымал тұлғалар да тазы ұстап жатқанын
айтады.
Серік Алтаев, «Asyl qazyna» ұйымының төрағасы:
Бір тазым - Арлан, біздің басшының, мемлекеттің тәлімбағында тұр. Димаштың күшігі менің Арланымнан түскен.
2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация қазақы тазысын алдын ала негізде танып, оған нөмірлі тұқым стандартын бекітіп, Қазақстанды оның шыққан елі ретінде көрсетті. Биылдан бастап сол күн - тазы күні.
Дінмұхамед Наурызбаев, саятшы:
Ақтөс, Ұшар деп мен оны құттықтамаймын ғой. Бізге, қазақ баласына мереке деп түсінемін. Енді, үкімет қап-қап тиын беріп жатырған жоқ. Бірақ мен ата-бабам қалдырған мұраны істеп жатырмын деп міндетсімеймін. Бірақ өте қиын. Ол ауамен өспейді, дәрі беру керек, анасынан айырғаннан кейін бір айдан кейін адам араласып тамақтандыру керек.
Иә, тазыны ұстау, күтіп баптау оңай емес. Дегенмен қазыналы жануарға жанашырлық танытқан азаматтар, дәстүрді сақтаған саятшылар бүгінде тазы тұқымына деген қолдаудың артып келе жатқанына да разы. Осы істі одан әрі дамыту үшін ұсыныстары да бар.
Рамазан Садықұлы, саятшы:
Бізге мұра осыны жоғалтып алмай, мектептерде бір пән болса, осы туралы, қосымша сабақ болса, ат туралы, тазы туралы, бүркіт туралы, бұл қазағымыздың дәстүрі ғой.
Елімізде қазақы тазы тұқымы төрт мыңнан асты. Алайда оның ішінде нағыз құмай тазы әлдеқайда аз болуы мүмкін. Сондықтан елімізде былтырдан бастап генетикалық сараптау жұмыстары жүргізіле бастады. Бірақ шын тазыны далада танисың. Өйткені құмай тазы құйынды желден жаралған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы