Басты Жаңалықтар Жайық жағасындағы ауылдарға көпір керек

Жайық жағасындағы ауылдарға көпір керек

Жайықты жағалай қоныстанған Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының тұрғындары қалқымалы көпірге мұқтаж. Қазір бірнеше ауыл халқы өзеннен паром арқылы өтеді. Қыста бұл қызмет тоқтайды. Әсіресе мұз жұқаратын күз-көктемде көліктер суға батып, қайғылы жағдай жиі тіркеледі. Тұрғындарды толғантқан мәселені әріптесім Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Мінекей, біз паромға аяқ бастық. Жүзу құралы катер арқылы басқарылады. Аумағы атшаптырымдай. Қазір, міне, 4 жеңіл көлік сыйып тұр. Паром Жайықтың арғы беті мен бергі бетіндегі жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз етеді.
Мына жақта жолаушылар тұр екен. Қазір олардың пікірін сұрап көрелік. 
Қоныс Жұмашев, Базаршолан ауылының тұрғыны:

Базаршолан ауылынанбыз. Тайпақтан шығып, ауылға бара жатырмыз. Осымен өтеміз жаз мезгілінде. Осы араға бір көпір салынса деп ойлаймыз. Көктемде, күзде жағдайымыз қиын. Қайықпен де өтеді. Толқын болады. Неше түрлі қайғылы жағдай болып жатыр.

Светлана Рахметова, Базаршолан ауылының тұрғыны:
Осы өткелмен 45 жыл күндіз-түні жүргенде науқас адамдарды апарып жүрдім қайықпен. Қазіргі уақытта паром жүріп тұр. Бұған да шүкір етеміз. Бұлардың да еңбегі зор.
Паром басында 4 адам еңбек етеді. Жүзу құралы 14 жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген. Таңғы сағат 7-ден кешкі 8-ге дейін жүк тасымалдайды. Түскі үзілісі бар.
Әділхан Метенов, кәсіпкер:
Сол 2012 жылдан бері істеп келе жатырмыз. Шама келсе, тоқтатпаймыз. Тоқтатқан да жоқпыз. Анда-санда арасында тұрып қалатын уақыт болады. Бірақ көпке бармайды. Түнде, мысалы, өткізе алмаймыз. Үлкен машиналар келгенде, жеңіл көліктер тұрып қалады. Шөп өткізгенде, мысалы.
Өткел мәселесі бұрынғы аудан орталығы болған Тайпақ ауылдық округінің экономикасына да кері әсер етіп тұр. Әсіресе, шөп тиеген жүк көліктеріне сын. Әрі сағаттап кезек күтіп қалады.
Манап Қалиев, Тайпақ ауылының тұрғыны:
Арғы беттен Базаршоланнан шөп тасимын. Бізге осы өткел жағы қиын болып тұр. Өткел болса, прицеппен де өтуге болатын еді. Болмағасын, осы пароммен әрең өтеміз. Тұрмыз, міне, таңертең өтеміз. Кешке қайтамыз. Бір сағат тұрып қалдық.
Ақжайық ауданында 50 мыңға жуық халық болса, оның 10 мыңдайы Жайықтың арғы бетіндегі елдімекендерде тұрады. Ол ауылдар тұсында осындай бір ғана паром және қолмен басқарылатын бірнеше сал бар. Оның өзі бірде жүрсе, бірде істен шығады.
Айбек Замиров, Ақжайық аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:
Барлығы қаржыға тіреліп тұр. Бұл мәселе бойынша мердігер мекемеге де сұраныс жібердік. 380 млн теңге айналасында қалқымалы көпір салуға бағалық ұсынымдарын берді. Тиісті қаражат бөлінген соң, бастаймыз деген ойдамыз.
2019 жылы аудан орталығы Чапаев ауылының тұсында қалқымалы көпір салынып, арғы беттегі ағайынның орталыққа қатынауы 10 есеге қысқарып еді. Енді осындай игілікті Базаршолан, Тайпақ ауылдарының халқы да күтеді.


Бөлісу