Петропавлда Өнер университетінің өкілдігі ашылды
Петропавл қаласында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылды. Жоғары оқу орны 9 бағыт бойынша маман даярлайды. Жаңа оқу жылында еліміздің 15 облысынан, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген 97 студент қабылданды.
Бұл - болашақ актер, музыкант пен вокалистер. Олардың қатарында Шымкенттен Қызылжарға арман жетелеп келген Сұлтан Абдулла да бар. Ол театр актері мамандығын таңдаған. Алдағы 4 жыл бойы сахна сырын меңгереді.
Сұлтан Абдулла, студент:
8-сыныптан бастап қызығушылығым артты. Жалпы, театрға деген, киноға деген, актерлік өнерге деген. Осы мамандықты таңдап, осы жолды қудым. Болашақ арманым – қазақ өнеріне, қазақ киносына, қазақ театрына үлкен үлес қосатын бір азамат болсам деймін.
Жоғары оқу орны бастапқыда Солтүстік Қазақстан университетінің қабырғасында жұмыс істейді. Келер жылы 600 орындық ғимараттың құрылысы басталмақ. Теориялық білім мен тәжірибені ұштастыру мақсатында 250 орындық концерт залы, мамандандырылған аудиториялар, кино, телепавильондар, дыбыс жазу және анимация кабинеттері ашылады. Студенттерге жергілікті мамандармен қатар, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессор-оқытушылары сабақ береді.
Дәулет Тәпенов, К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы:
Бір жарым-екі жылдай уақыт кетті, бұл үлкен жобаны жүзеге асуыруға. Айта кетсек, театр өнері, бейнелеу өнері, дәстүрлі музыка өнері, эстрада өнері, вокалдық өнер және режиссура бағыттары бойынша білім алушылар білімін шыңдап, үлкен маман болып шығады деген үміттеміз.
Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани
келбеті», – деген болатын. Өнер университетінің
өкілдігі мәдениет саласына қажетті кәсіби мамандарды
даярлайтын өңірдегі алғашқы жоғары оқу орны.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы