Басты Жаңалықтар Зерттелген биологиялық белсенді қоспалардың 20%-ы денсаулыққа зиян

Зерттелген биологиялық белсенді қоспалардың 20%-ы денсаулыққа зиян

Елде сатылып жүрген дәрумендердің кейбірі денсаулыққа зиян.  Санитарлық-эпидиомиологиялық комитет ішуге болмайтын 40-қа жуық биологиялық белсенді затты анықтады. Қазір олар саудаланып жатқан жоқ. Бірақ заңды айналып өтіп, кәсіп жүргізетіндер әлі де аз емес. Демек, дәруменді абайлап таңдау керек. Пайдалысын қалай ажыратамыз? Министрлік нарықты қалай реттемек? Жанел Нұрболатқызы зерттеді.

Жанел Нұрболатқызы, тілші: 

Қазіргі тағамдар құнарсыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны әлдеқашан дәлелдеген. Жеміс-жидектің басым бөлігінде химиялық қоспалар көп. Етте антибиотиктер бар. Кәдімгі аста нутриент аз. Десе де, ғалымдар тағамда жетіспейтін дәрумендерге толы биологиялық белсенді қоспаларды ойлап тапты. Ел ішінде Бады деп аталады. Қазақстанда оларға сұраныс көп. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр тұрғындар биологиялық белсенді қоспаларға 152 млрд теңге жұмсаған. Бұл жылдағыдан 5 есе артық.

Рас, биологиялық белсенді қоспалар біреуге көмек берсе, енді біреуге олардан еш пайда жоқ. Неліктен?

Жадыра Есенова, нутрициолог, биология ғылымдарының кандидаты:

Міндетті түрде, БАД-ты таңдаған кезде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Себебі дәрігер дәрумен болсын, минерал болсын, біздің организмімізге қажетті заттардың барлығын дәрігер қадағалауы керек. Әсіресе балаларға келген кезде. Балаларға бере салмауымыз керек. Кәдімгі мына D-дәруменін өзі де қауіпті, мысалы, артық беріп қоюы мүмкін.

Ал енді мынаған мән беріңіз, магнийді тәулігіне 350, кальцийді 1000 миллиграмнан көп ішуге болмайды. Егер осы нормадан асса, ол биологиялық белсенді қоспа емес, дәрілік зат саналады. Яғни рецептісіз қабылдасаңыз, денсаулығыңызға қауіпті. Сондықтан біздің елде олардың құрамын арнайы лабороторияларда мұқият тексеріп, тек содан кейін сатылымға шығарады. Соның өзінде заңсыз саудамен айналысатындар бар. Былтыр отандық ғалымдар биологиялық заттарды арнайы тексеруден өткізді. Нәтижесінде сатылымдағы биологиялық белсенді қоспалардың 20 пайызы талапқа сай емес болып шықты. 80 пайызының қаптамасында тиісті ақпарат жоқ.

Әсемгүл Исламбекова, Жоғары технологиялық зерттеулер зертханасының маманы:

Кейбіреулерінде шығу мерзімі жазылмаған немесе оны қалай пайдалану керектігі де жазылмайды. Екі БАД ішесіз, екеуінде де бірдей бензад бар делік, екеуін бір мезгілде ішетін болса, адамның денесіне жиналады.

Нарықта денсаулыққа зиян дәрумендер аз емес. Пайдалысын қалай ажыратамыз? Тексеруден өткен қоспалардың сыртында мемлекеттік тіркеу коды болады. Соны Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтындағы «Дәрілер» бөлімінен іздеңіз. Егер табылмаса, қоспа талапқа сай емес деген сөз. Сондай-ақ 1 қыркүйектен министрлік биологиялық қоспаларды шығаратын компанияларды өнімді таңбалауға міндеттейді.

Алтын Сәрсенбаева, Қазақ тағамтану академиясы сараптау кеңесінің хатшысы:

Кез келген жерде бей-берекет сатылып жатқан БАД-тар таңбалаудан өте алмайды. Бұл деген - сіз қазір дәрі-дәрмектерді дәріханадан сатып алсаңыз, штрих-код деген бар. Сол штрих-код бойынша бұл БАД қай мемлекетте өндірілді деген бүкіл мәлімет шығады.

Министрлік енді барлық биологиялық қоспаларды арнайы жүйеден көріп отырады. Әзірге кәсіпкерлер өнімдерін таңбалай береді. Ал платформаның өзі келесі жылы іске қосылады. Осылайша, нарықта қауіпті дәрумендер азаяды.


Бөлісу