Семейден әлемге: БҰҰ Ядролық сынақ зардабын тағы да еске салды
Биыл Семей полигонының жабылғанына - 35 жыл. Қазақ даласында қырық жыл бойы жүргізілген жарылыс салқыны әлі де сезіледі. Жарылыстан қалған жара, алған сабақ аз емес. Ол жөнінде әлемге тағы бір мәрте айтылды. Бүгін Кения астанасы Найробиде Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілдерінің қатысуымен жиын өтіп, шара тікелей эфирде көрсетілді.
Қазақ даласын 40 жылдан астам уақыт дүр сілкіндірген ядролық жарылыстардың зардабы БҰҰ-ның деңгейінде тағы бір мәрте көтерілді. Кения астанасы Найробиде дәл осы деректі фильм көрсетілді. Шара тікелей эфирде өтіп жатты. Қазақстанның Кениядағы Елшісі Барлыбай Садықов Семей полигонында жасалған 456 ядролық сынақтың әрқайсысының артында адам тағдыры тұрғанын айтып, оның ауқымына арнайы тоқталды.
Барлыбай Садықов, Қазақстанның Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
40 жылдан астам уақыт ішінде Семей полигонында 456 ядролық сынақ өткізілді. Оның ішінде 30-ы - атмосферада, 86-сы - жер үстінде, ал 340-ы- жерастында жасалған ядролық жарылыстар. Әрбір жарылыс санының артында ядролық сынақтардан зардап шеккен жандар тұр. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы Қазақстан халқының табандылығы мен берік ұстанымының нәтижесі болды.
Бұл - өткеннің жай ғана статистикасы емес. Ядролық сынақтың ұрпаққа қалдырған қасіреті әлем мінберінде қайта айтылғанының айғағы. Мақсат - Семейдің сынағы әлемге сабақ болуы тиіс.
Зайнаб Хава Бангура, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Найробидегі кеңсесінің бас директоры:
Бұл - адамзаттың ащы тәжірибе арқылы алған сабақтары. Олардың қасіреті тарих болып қана қалмауы тиіс. Бұл - бізге берілген ескерту.
Еске салайық, 29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн. Бүгінгі Найробидегі іс-шара Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбалары тасталғанына 81 жыл, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың қабылданғанына 20 жыл толуына арналды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы