Басты Жаңалықтар БЖЗҚ-дағы 63 млрд теңге: Мұрагерлер ақшаны қалай алады?

БЖЗҚ-дағы 63 млрд теңге: Мұрагерлер ақшаны қалай алады?

63 миллиард теңге. Бұл - қайтыс болған 292 мыңға жуық салымшының зейнетақы шотында жинақталған ақша. Шоттарда кемі 35 мың теңгеден, тіпті 45 миллион теңгеге дейін жинақталған. Бұл туралы «Tengri news» ақпарат агентігі зейнетақы қорына сілтеме жасап хабарлайды. Мамандардың сөзінше, аталған қорға қайтыс болған салымшының туыстарына, оның шотында ақша қалғаны туралы хабарлау міндеттелмеген. Сондықтан мұрагерлер нотариусқа өздері жүгінуі керек. Марқұм қайтыс болған күннен бастап, 6 ай ішінде нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беріледі. Мұрагерлік іс «Е-нотариат» жүйесінде тіркелгеннен кейін нотариус Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына онлайн сұрау жіберіп, шоттағы қаражат туралы ақпарат ала алады. Мұрагерлік құқық туралы куәлік алғаннан кейін ғана зейнетақы қорына жүгіне алады. Ол үшін жеке куәлік, марқұмның қайтыс болғаны туралы куәлік, мұрагерлік құқық туралы куәлік немесе оны алмастыратын сот шешімі, мұраны бөлу туралы келісім, сондай-ақ мұрагердің өз атына ашылған банк шотының реквизиттері керек болады. Құжаттар толық болса, жиналған ақша 10 жұмыс күні ішінде аударылады. Мұраны қабылдау мерзімі өтіп кетсе, оны сот арқылы қалпына келтіруге болады. Мұрагерлер табылмаса, қаражат алты ай немесе бір жыл өткен соң бірден мемлекетке берілмейді. Ақша мұрагер жүгінгенге дейін шотта сақталады. 2023 жылдан 2026 жылға дейін 153 887 мұрагер қайтыс болған жақындарының шамамен 228 миллиард теңге зейнетақы жинақтарын  алған.

Бөлісу