«Omir Shymkent» туристік кешені ашылды
Шымкентте Бадам су қоймасының жағалауы жаңа туристік бағытқа айналмақ. Мұнда «Omir Shymkent» кешенінің алғашқы кезеңі жұмысын бастады. Жобаның жалпы құны 9 млрд теңгеге жуықтайды. Ауқымды жоба табиғат аясындағы демалыс пен заманауи туристік инфрақұрылымды бір арнаға тоғыстырады.
74 гектар аумақта орналасқан нысанның құрылысы былтыр басталған. Қазір мұнда 10 глэмпинг пен 10 капсулалы үй алғашқы қонақтарын қабылдады. Инвестордың айтуынша, алғашқы кезеңге 2 миллиард теңгеден астам қаражат салынған.
Жанна Найзабекова, инвестор:
Біз табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің үлгісін көрсеткіміз келеді. Бұл жерде мақсатымыз - адамды қаланың қарбаласынан алыстатып, табиғат аясында тынығып, қайта күш жинауына мүмкіндік беру. Шымкентті таңдаған себебіміз — бұл қаланың күн шуағы мен қонақжайлығы. Сондықтан «Omir» жобасын дәл осы жерде жүзеге асыруды шештік.
Ал кешеннің қазіргі көрінісі жобаның бір бөлігі ғана. Құрылыс толық аяқталғанда мұнда 48 глэмпинг, 18 капсулалы және 24 модульді үй болады. Бұдан бөлек, мейрамхана, Сақ моншасы, спорт алаңы мен амфитеатр да келушілерге қызмет көрсетеді.
Бексұлтан Әділханов, қалалық Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы:
Бұл жерде барлығы экоөнімдер қолданылған. Мынау жолақтардың өзі экоөнім - тенисит деген. Қонақтар мен қала тұрғындары табиғатқа зиянын тигізбей, осындай табиғат аясында демалуға мүмкіндік алады.
Су айдынының жағасында табиғаттың тынысы сезіледі. Кешен аумағында маралдар да мекендейді. Қонақтар жануарларды тамашалаумен қатар, ат спортымен де айналыса алады. Ал шарап өндіру аймағы кешеннің өзгеше қырын ашпақ.
Жадыра Дәулетбайқызы, қала тұрғыны:
Өте керемет жоба екен. Бірінші көргенде таңғалдым. Бұрын-соңды елде болмаған жобалардың бірі. Бәрі жақсы үйлесім тапқан.
Кешен жыл он екі ай жұмыс істейді. Ауқымды жоба шаһардың туристік әлеуетін арттырып, экотуризмнің дамуына жаңа серпін бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы