Сайлаудағы ерекше сәттер
Отбасымен сайлауға барды
Құрылтай сайлауына ауыл тұрғындары да белсенді қатысты. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында бір әулеттің бірнеше буыны ұлттық киім киіп, домбырамен сайлау учаскесіне келді. Ал Түркістан облысының Мақтаарал ауданында механизаторлар егіс жұмыстарын уақытша тоқтатып, трактормен дауыс беруге аттанды. Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында да ауыл тұрғындары сайлауға ұйымшылдықпен қатысты.
Бір шаңырақтың бірнеше буыны – ұлттық киім киіп, домбыраны күмбірлете арнау айтып, сайлау учаскесіне келді. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан атамекенге қоныс аударған әулет Бәйтерек ауылын құтты мекеніне айналдырған. Ақсақал саяси науқандардан тыс қалмай ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға өз үлесін қосып жүргенін айтады.
Жұпархан Мұсабай, зейнеткер:
Еліміз, халқымыз, біз үшін де бұл маңызды күн. Жеңіске жеткен партиядан елімізден үміткер болғандардың бәрі отырған орындарында келешек халқымыз үшін жұмыс істейді деп кәміл сенемін.
Диқандар трактормен сайлау учаскесіне барды
Ал Түркістан облысы Мақтаарал ауданының механизаторлары трактормен сайлау учаскесіне келді. Күнделікті егістік алқаптарында бел жазбай, жердің берекесін арттырған еңбек адамдары үшін ел болашағы маңызды.
Мұсаев Мелдебай, механизатор:
Механизаторлар тобы ұйымшылдықпен келіп, дауыс беріп жатыр. Қызып жатқан науқан - қауын теру. Халықтың әйтеуір қамын ойлап жүрген механизаторларға көп алғыс.
Ауыл тұрғындары ұжым болып дауыс берді
Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауылында сал-серілер ұлттық құндылықты насихаттап, топ болып дауыс беруге келді. Ал жол пайдалану бөлімінің қызметкерлері сайлау учаскесіне арнайы техникамен барып, таңдау жасады. Осылайша мекеме мамандары дауыс беруге бір кісідей жұмылды.
Жансерік Шәріпов, көлік жүргізушісі:
Бұл тарихи сәтке, Құрылтай сайлауына дауыс беруге келдік жұмыстастарымызбен. Еліміздің болашағы үшін таңдау жасадық. Орал-Тасқала шекаралас аймағында 100 шақырым жолды тазалап, күтіп-ұстау жұмысын жүргіземіз.
«Ақтілеу» әжелер ансамблі де ауызбірлік танытты. Әндетіп келіп, көптің көңілін бір көтеріп тастады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы