Жаңа көпір іске қосылды
Петропавл қаласында жаңа теміржол өткелінің техникалық ашылуы өтті. Көпір Жұмысшы кентін шаһардың орталығымен жалғайды. Жоба құны 5,5 млрд теңге.
Есмағзұм Мырзағұлов 50 жылдан бері Жұмысшы кентінде тұрады. Жаңа көпірдің ашылуын асыға күткенін айтады. Өйткені бұған дейін тұрғындар қажетті жерге жету үшін айналма жолмен жүрге мәжбүр болған еді.
Есмағзұм Мырзағұлов, зейнеткер:
Қуанышымызда шек жоқ. Айналып Караванный көшесімен жүретінбіз. Жаңа аялдама қояды, жылы будкалар қояды, сонда автобус жүреді деді.
Көпір құрылысы 2023 жылы басталған еді. Бөлінген қаржы қолды болып, мердігерге қатысты іс қозғалды. Мемлекетке келтірілген шығын 2 млрд теңгеге бағаланды. Мердігермен жасалған елісім шарт бұзылып, жұмысқа басқа компания кіріскен болатын. Қазір құрылыс белгіленген межеге сай атқарылып келеді.
Мурат Харсиев, Мердігер компания директоры:
Құрылыс жұмысы 95 пайызға аяқталды. Маңайды абаттандырамыз. Оған шамамен 1 ай уақыт қажет. Бүгіннен бастап, көпір іске қосылды. Жеңіл және жүк көліктері еш кедергісіз қозғала алады. Нысанға 3 жылға кепілдік бар.
Жұмысшы кентінде 20 мыңнан астам тұрғын тұрады, енді олар үшін қала орталығына қатынауды жеңілдететін жаңа бағыт пайда болды. Көпірдің жалпы ұзындығы 1 километр 200 метр.
Серік Мұхамадиев, қала әкімі:
Бұл – қаладағы маңызды жобалардың бірі. Жаңа нысан ескі көпір мен айналма жолдың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Ені 10 метр. Сондықтан мұнда ірі жүк көліктерінің де қозғалысы қамтамасыз етіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын қалыптастыруда азаматтардың талап-тілегі мен ұсынысына дер кезінде жауап берудің маңызын атап өткен болатын. Жаңа жол өткелі тұрғындар көп жылдан бері күткен маңызды нысандардың бірі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы