Банктердің төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа моделі енгізілді
Елімізде төлем қабілеті төмен банктерді реттеу жүйесі түбегейлі өзгерді.
Енді қаржылық қиындыққа тап болған банктерді қолдауда негізгі жауапкершілік мемлекетке емес, акционерлерге, инвесторларға және қаржы институтының өзіне жүктеледі. Жаңа модельдің басты мақсаты – банк жүйесінің тұрақтылығын күшейту, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту, ең бастысы, салымшылардың депозиттерін сенімді қорғау. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Талаптарға сәйкес, проблемалы банктерді қолдауға бюджет қаржысы бұрынғыдай жұмсалмайды. Мемлекеттік қолдау тек ерекше жағдайда әрі елдің қаржы жүйесі үшін маңызы зор банктерге көрсетіледі.
Олжас Қизатов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
Жаңа механизмнің ең маңызды мақсаты – барлық банктің жалпы шығыны ең алдымен сол банктің және банк акционерінің ақшасы арқылы өтелуі керек. Мемлекеттің тарапынан жалпы банктерге көмек азаюы керек. Жүйелік маңызы бар банктерге ғана көмек көрсетіледі.
Өз кезегінде бұл банктер алдағы жылдары ықтимал шығындарды өз күшімен өтеуге арналған қосымша қаржы қорын қалыптастыруға міндеттеледі. Сондай-ақ жаңа заң бойынша банк қаржылық қиындыққа тап болса, агенттік мәселені бақылауға алып, жағдайды ушықтырмай шешуге кіріседі. Алдымен күшейтілген қадағалау енгізіліп, банк акционерлері капиталды толықтыруы тиіс. Егер бұл нәтиже бермесе, арнайы реттеу тетіктері іске қосылады. Яғни, шығынды ең алдымен банк иелері мен инвесторлары көтереді, ал мемлекет ең соңғы шара ретінде ғана араласады, дейді агенттік өкілдері.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы