Басты Жаңалықтар Ақмола облысында тұрақты жұмыстың арқасында әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 50%-ға қысқарды

Ақмола облысында тұрақты жұмыстың арқасында әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 50%-ға қысқарды

Ақмола облысында тұрақты жұмыс тапқан азаматтардың саны артып келеді. Соңғы 7 жылда мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың қатары 50%-ға қысқарған. Бүгінде өңірдегі 245 ауылдың 125-інде мемлекетке қол қусырып отырған жанұя мүлде жоқ. Толықтырып тілшіміз Бибінұр Әмірханқызы баяндайды.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Жыл басынан пилоттық жоба аясында өңірдегі 34 ауыл «кедейліксіз округ» мәртебесін алды. Тек Бурабай ауданында бір жылда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар қатарынан 26 отбасы шығарылды. Ол үшін мамандар әр отбасымен жеке жұмыс жүргізген. Нәтижесінде көбі тұрақты жұмыспен қамтылса, кейбірі тіпті жеке ісін дөңгелетіп, табыс тауып, әл-ауқатын көтерді.

Бір жыл бойы атаулы әлеуметтік көмек алып келген Златополье ауылының тұрғыны Меруерт Мертасова бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. «Бизнес бастау» жобасына қатысқан ол қайтарымсыз грант қаржысына техникалық қызмет көрсету орталығын ашты. Қазір жолдасы көліктің ақауын жөндесе, өзі кузовтың кем-кетігін түзеп, бояп үйренген.

Меруерт Мертасова, ауыл тұрғыны:

Бурабай ауданының карьералық орталығына алғысымды айтқым кеп отыр. Қайтарымсыз грантқа оқуына қатыстырды. Бағытты сілтеді. Қазір бұл СТО – отбасымыздың табысы. Айына 10–15 көлік жөндейміз.

Көз нұры кетіп, көруі нашарлаған көкшетаулық Салтанат Кенжеғарина бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс таба алмай қиналған. Көпбалалы әрі жалғызбасты ана 5–6 жыл бойы атаулы әлеуметтік көмек алып, отбасын асырағанын айтады.

Салтанат Кенжеғарина, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Бес жыл бойы АӘК рәсімдеп, «Мансап» орталығының арқасында жақсы жұмыс тауып, жақсы жұмысқа орналастырды. Қазір жағдайым жақсарды. Әлеуметтік көмек рәсімдеп жүргеннің өзінде жұмыстарды істеп жүргем, бірақ нақты ресми жұмысқа жете алмайтынмын. Тұрақты жалақыңды алып тұрасың.

«Кедейліксіз округтер» пилоттық жобасы аясында мамандар алдымен мемлекетке ұзақ жылдар бойы қол қусырып отырған отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуға тырысқан. Нәтиже жаман емес, бүгінде өңірдегі 125 ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүлде жоқ.

Шолпан Рахматуллина, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

Жоба басталған кезде 7 жылдан астам атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген 100 отбасы болған. Қазір олардың саны 64 отбасыға азайды. Бұл 40 пайызға төмендегенін көрсетеді.

Бүгінде облыс бойынша 928 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. 8 жыл бұрын ондай жанұя саны 10 мыңнан асып түскен. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі де 8 жылда 4,5 миллиард теңгеден 800 миллион теңгеге дейін қысқарған.


Бөлісу