Басты Жаңалықтар «Заң түні»: Астанада тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді

«Заң түні»: Астанада тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді

Астаналықтарға құқықтық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Бұл жолы заңгерлер мен мемлекеттік орган өкілдері тұрғындарды мекемелерде емес, сауда орталығында қабылдады. «Заң түні» акциясы аясында азаматтар құқықтық сауаттылығын арттырып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылған акция бұл жолы «Көктал» сауда орталығында өтті. Іс-шараға прокуратура, мемлекеттік органдар, уәкілетті мекемелер және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өкілдері қатысты. Келушілер алдын ала жазылмай-ақ тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер, құжат рәсімдеу, отбасы және басқа да құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес алды.

Данияр Ізбасаров, Сарыарқа ауданының прокуроры:

Екі азаматты қабылдап үлгердім. Біріншісі азаматтық-құқықтық қатынастар бойынша сотқа қалай жүгінуге болатыны жөнінде сұрады. Сол бойынша құқықтық көмек көрсеттік. Екіншісі алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс бойынша алдағы уақытта қандай іс-шаралар жүзеге асырылатыны туралы сұрақтармен келді.

Іс-шара барысында азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріліп, қолданыстағы заңнама талаптары мен құзырлы органдарға жүгіну тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға арналған ақпараттық брошюралар таратылды. Ал тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Қарлығаш Оспанова, қала тұрғыны:

Бірінші рет келіп тұрмын. Өзіме қатысты сұрағым болғандықтан келіп, мамандардан кеңес алдым. Деректерімді қалдырып кеттім. Бізбен хабарласады деді. Енді жауабын күтемін.
Акция халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруды және азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесуді көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат тұрғындарға білікті құқықтық көмекті қолжетімді түрде алуға, бейінді мамандарға тікелей жүгінуге және құқықтық білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.


Бөлісу