Көшені Гиннес рекордтар кітабына енгізуге өтінім берілді
Әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі Петропавл қаласында орналасқан. Ұзындығы 2,4 шақырым тарихи көше жаңа келбетке ие болмақ. Нысанды күрделі жөндеуге 1,8 млрд теңге жұмсалады. 20 мың шаршы метрден астам кеспе тас жаңартылып, көше инфрақұрылымы кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Қазақстан Конституциясы көшесі бейресми түрде әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі саналады. Ресми рекорд Қытайдың Харбин қаласындағы Чжунъян Дацзе көшесіне тиесілі. Оның ұзындығы 1 километр 200 метр. Петропавл қаласының әкімдігі Қазақстан Конституциясы көшесін де Гиннестің рекордтар кітабына енгізуді көздеп отыр. Осы мақсатта қажетті құжаттар әзірленіп, ресми өтінім жолданған.
Бұл көшеде көне ғимараттар мен заманауи құрылыс әдемі үйлесім тапқан. Осыдан екі ғасыр бұрын салынған нысандар бар. Оларға тарихи ескерткіш мәртебесі беріліп, мемлекет қорғауына алынған. XIX ғасырда көшенің бас жағында сауда базары орналасқан. Ғимараттардың басым бөлігі көпестердің үйі. Мәселен, мына екі қабатты нысанда қала басшысы тұрған.
Сәуле Мәлікoва, СҚО мемлекеттік архивінің директоры:
Ғимараттар колоннамен, яғни сол көпестің беделі мен байлығын көрсететіндей және симметриялы, әдемі әшекейленген. Бұл – модерн стилі.
Эльмира Кәленова, тілші:
Бұл ғимараттардың сапасының сыры неде? Осыншама уақыт бойы сақталып тұруының себебі қандай?
Сәуле Мәлікoва, СҚО мемлекеттік архивінің директоры:
Сапалы шикізатты, құрылыс материалдарын қолданғаны, екінші жағынан бүгінгі күні Үкіметіміздің, мемлекеттің осы көзқарасы ғимараттарды сақтау. Бұлар бізде республикалық ескерткіштер тізімінде.
Жаңартылған көше күнделікті серуендеуге, демалуға және түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге қолайлы. Басты мақсат – тарихтан сыр шерткен ғимараттардың өзіндік сәулетін сақтай отырып, көшенің ажарын заманауи үлгіде айшықтау. Жасыл желек көшеге ерекше көрік беріп тұр.
Серік Мұхамедиев, қала әкімі:
Дизайн-код наурыз айында шыққан. Сол дизайн-код арқылы осы көше істеліп жатыр. Кеспе тас төселіп, көше жарығы жұмыстары істелініп жатыр. Инфрақұрылымды цифризациядан өткізіп жатырмыз. Соған бәріне мына екі жылда 1,8 млрд теңге бөлінді.
Қазақстан Конституциясы көшесі – Петропавл қаласының мәдени әрі туристік орталығы саналады. Тарихи ғимараттармен қатар, мәдениет ошақтары, сауда және қызмет көрсету нысандары орналасқан. Солардың бірі – Қазақстандағы ең көне мәдениет ошақтарының бірі саналатын Николай Погодин атындағы драма театры.
Эльмира Кәленова, тілші:
Бұл көшеде саябақ та орналасқан. Ашық аспан астындағы нысан – қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны. Оның бір жарым ғасырдан артық тарихы бар. Жалпы аумағы 3,5 гектар. Біз отырған аттракционның биіктігі 30 метрге жетеді. Оның ең жоғары нүктесінен айналадағы әсем көрініс алақандағыдай көрінеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы