Басты Жаңалықтар Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

Таразда  екі зауыттың құрылысы басталды. Индустриялық аймақта жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім өндіретін металлургиялық зауыт бой көтереді. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 350 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ  кореялық инвесторлар өңірде  қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт  салады.  Инвестициялық жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына  серпін береді. 

Тараз индустриялық аймағында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының құрылысы биыл тамыз айында басталып, 2027 жылы іске қосылады.  Кәсіпорын тәулігіне 900 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, 600 тоннасын термиялық әдіспен өңдейтін болады. Қалдықтар 900 градус температурада өңделеді. Құрылыс жұмыстарына  400 адам тартылады.

Өнербек Сейтхамза, For You Energy компаниясының бас директоры:

Күнделікті 400 тонна қоқыс сұрыпталады. Екінші кезеңде электр станциясын салып, тек қаланың қоқысын емес, полигондағы 30 жылдай көмілген 3 млн 500 мыңдай қоқыс бар екен. Соның бәрін тазартып, сол қоқыстарды өртеп және ағаш егу деген мақсатымыз бар.

Металлургиялық зауыт салынады
Металлургиялық зауыттың жалпы жобалық құны 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Өндіріс орнына  қытайлық инвесторлар алғашқы кезеңде  46 миллиард теңге, ал екінші кезеңде 15 миллиард теңге қаржы құймақ. 

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Шу қаласында былтырғы жылы басталып кеткен қазір қарқынды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Екінші үлкен металлургиялық зауытымыз Металлургиялық зауыт пен қоқыс зауыттарын алатын болсақ, іске қосылғаннан кейін 500-600 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыс орындары ашылады.

Кәсіпорын ыстық илектелген болат орамдарын, тот баспайтын болат өнімдері мен құбырларды және өзге де металл бұйымдарын өндіреді. Өндіріс орны 2028 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. 2031 жылы толық қуатында жұмыс істей бастайды. Биыл облыста жалпы құны 471 миллиард теңге болатын 47 инвестициялық жоба жүзеге аспақ.

Бөлісу